Корпорация 2018 жылды 15,5 млрд теңге шығынмен аяқтаған
Жұмысы заңда реттелмеген әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация кәсіпкерлерді қолдаудың орнына оларды тонап отыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев депутаттық сауал жолдау кезінде мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Пайдалы қазбаларды өндіруге рұқсат беру немесе жер учаскесін сұрау, не инфрақұрылым керек кезінде, ӘКК жарғылық капиталға бір тиын салмастан мекеменің меншігіне 30%-ға дейін қатыстыруын талап етеді. Бұрын кәсіпкер мұндай рұқсатты жергілікті органдардан тікелей және тегін алатын. Тегін қолдауының орнына, меншігін талап ететін мекемені – кәсіпкерлікке қолдау ма әлде тонау ма?! Бұл үлкен күмән тудыратын мәселе. Жалпы есеп бойынша аталған корпорация 2017 жылды 2,5 млрд теңге шығынмен аяқтаса, небәрі 1 жылдың ішінде ол алты есеге өсіп, 2018 жылды 15,5 млрд теңге шығынмен аяқтаған. Айта кететін жайт, осы ӘКК-ның бюджеттері қоғам үшін беймәлім және олардың есептері ешқандай мемлекеттік құжатпен реттелмеген», − дейді депутат.
Оған қоса, мемлекеттік органдар корпарацияны коррупция құралы ретінде пайдалануға мүмкіндік беріп отыр.
Сонымен қатар, корпорация тарапынан халық тұтынатын өмірлік маңызы бар тауарлардың бағасын төмендету мәселесінде немқұрайлық, яғни өз мақсаттары мен міндеттерін орындамау және жүзеге асырмау байқалады, нәтижесінде жергілікті бюджет қана емес, кәсіпкерлік субъектілері және халықтың әлеуметтік осал топтары да зардап шегуде.