Лозанна-2020: қазақстандық биатлоншылар жекелей сында жоғары нәтиже көрсете алмады

Автор: Azattyq Rýhy

Лозанна қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер олимпиадасындағы биатлоншылар бәсекесі аяқталды

Қазақстандық биатлоншылар жекелей сында айтарлықтай жоғары нәтиже көрсете алған жоқ. Ал эстафетада команда мүшелері алғашқы ондыққа енген. Бұл туралы Қазақстан ҰОК баспасөз қызметі хабарлады.

15 қаңтар күні өткен аралас командалық эстафетада Влада Васильченко, Вадим Куралес, Ульяна Ардалионова және Данил Червенко төрттігі тоғызыншы орын алды. Бұл сында Италия командасы жеңіске жетіп, ресейліктер екінші, француздар үшінші орын иеленді.

«Спортшылар бұдан да жақсы нәтиже көрсетеді деп үміттенген едік. Біздің биатлоншылар атудан көп қателесті, желдің бағыты да қатты әсер етті. Мұндай жағдай жиі кездессе де, осы жолы психологиялық тұрғыдан аздап қиындық туды. Ал шаңғымен жүгіру жағына ешқандай сын айтпаймын, бәрі де жақсы жүгірді. Ату кезінде айып уақытының көптігінен жақсы нәтиже тіркей алмадық. Дегенмен, ерлеріміздің жүлде ауылына жақындайтын мүмкіндігі болды. Команда мүшелері мұндай ірі жарысқа алғаш рет қатысып отыр. Тіпті, шетелге бірінші рет шыққан атлеттеріміз де көп. Бір өкініштісі, осымен үшінші рет өтіп жатқан жасөспірімдер Олимпиадасында биыл жүлдесіз қалдық. Осыған дейінгі екі Олимпиадада биатлоншыларымыз жеңіс тұғырынан көрінген еді. Мұнымен тоқтап қалмай, әрі қарай еңбектенеміз. Бұл бәсекеде атудан есеміз кеткенін көрдік. Мүмкін, дайындық кезінде осы тұрғыдан қате жіберген шығармыз. Бірнеше күннен соң әлем чемпионаты басталады, сол сында барымызды саламыз», - дейді аға жаттықтырушы Михаил Дудченко.