$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
15.01.2020, 16:59
Жаңалықтар

ҚазАвтожолдың қаперіне: Түркістан облысында жазда жөнделген жол қысқа жетпей қайта тесіліп жатыр

Жүргізушілер Шымкенттен Жетісай, Мақтаарал аудандарына қатынайтын автожол сапасына қатысты шағымданды

Былтыр Түркістан облысы Келес ауданы аумағынан өтетін республикалық маңызы бар А-15 автожолының Қызыләскер елдімекені маңындағы бөлігі жөндеу жұмыстарына байланысты жабылды. Алайда, кейін қайта пайдалануға берілген жол бөлігі арада жыл өтпей, қыстағы жауын-шашынның әсерінен бұзыла бастаған. Дәл осы жолмен Шымкенттен Жетісай, Мақтаарал аудандарына қатынайтын жүргізушілер сапасыз жүргізілген жұмыстың салдарынан көлікпен қатынау қиындап кеткенін айтып шағымданды.

«Былтыр жазда бірнеше айға жауып, жөндеу жүргізіп еді. Арада 1-2 ай өтпей жатып, жамаған жерлері қайта ойылып, шұңқыр болып қалған. Жөндеген жерлерді байқап қарасаңыз, құдды бір жолдың опырылған жерлеріне асфальтті ұн сияқты сеуіп кеткендей әсер қалдырады. Ақша жетпей қалған ба? Ақыры жолды жөндеу үшін жапқан екен, дұрыстап, сапалы етіп жасаса қайтеді», - дейді Мақтаарал ауданының тұрғыны Ержан Тоғызбаев.

Жүргізушілердің бірі жолды жөндеу үшін жапқанда «тегіс жолмен жүретін болдық» деп қуанғанын айтады.

«Бұл жол былтыр көктемде тесіліп, көлікпен жүру өте қиын жағдайға жетті. Жазда жөндеу жүргізіледі деп жабылғанда, тегіс жолмен жүретін болдық деп қуандық. Үмітіміз ақталмай, қуанышымыз көпке бармады. Қазавтожол қарызға жол жөндете ме? Асфальтпен жамаған жерлері қайтадан ойдым-ойдым болып жатыр», - дейді Мұрат Ораз есімді көлік жүргізуші.

Осы мәселе бойынша «Қазавтожол» Ұлттық компаниясы АҚ Түркістан облыстық филиалына хабарласқанымызда, ондағылар републикалық маңызы бар А-15 (Жызақ-Гагарин-Қызыләскер-Абай-Сарыағаш-Жібек жолы – авт.) автомобиль жолына былтыр жазда орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу басталғанын растады.

«Жөндеу жұмыстарына 1 млрд 200 млн теңге қаржы бөлінген. Құрылыс жұмыстарын жүргізуге жауапты «Т.М.М Береке» мердігер мекемесі жолды осы жылдың мамыр айына дейін тапсыруы керек. Яғни, бұл жолдағы жөндеу жұмыстары әлі біткен жоқ. Жоспар бойынша А-15 автожолының 31 шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қазір оның 18 шақырымына асфальт төселді, қалғанына алдағы уақытта төселеді. Сосын жол жиегін жөндеуге кіріседі. Мердігер компания жол көктемде пайдалануға берілгеннен кейін де 2 жылға дейін (24 ай – авт.) кепілдік береді», - дейді «Қазавтожол» АҚ Түркістан облыстық филиалының бөлім басшысы Нұржан Қадырбаев.

Арай Есенбек, Түркістан облысы

Серіктес жаңалықтары