«Көлікті қанағат етемін, баспана керек емес»: балаларын мектепке велосипедпен таситын қызылордалық үй алудан бас тартты
Халықтан жиналған қаражат сомасы 8 млн теңгеден асқан
Балаларын мектепке велосипедпен тасып жүрген қызылордалық азамат халықтың баспанаға ақша жинап беруіне қарсылық білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Ер кісінің балаларын мектепке велосипедпен апара жатқан видеосы әлеуметтік желіде тарап, көпшіліктің жанашырлық сезімін оятты.
«Мені бұлай сыртымнан түсіріп алады деп ойлаған жоқпын. Көрген кезде біртүрлі болғаным рас. Ашуландым, ренжідім. Бірақ артынша халықтың балаларға деген көңілін көргеннен кейін ашуым басылды. Жағдайымыз орташа, аш емеспіз. Жағдайы бізден де төмен отбасылар бар. Халыққа алғысымды айтамын. Қазақтың көңілі дархан ғой. Қол ұшын созған бауырларыма рақмет», - дейді Қанат Отаров.
Жайдарманшы Асылхан Дүкенбаев екі баланың әкесіне көлік алып беру үшін қайырымдылық шарасын ұйымдастырды.
«Жүрегінде иманы бар, ауызында Алласы бар екен! Мыңның ішінен осы ағамыз көптің көзіне ілігіп отыр ғой! Әйтпесе велосипед былай тұрсын балаларын сабаққа, садикке жаяу апарып жүргендер қаншама! Ендігі мақсат ағамызға көлік сыйлау», - деді ол өзінің Instagram парақшасындағы постында.
Қызылордалық әкеге шымкенттік азамат көлік сыйламақ ниетте болған екен. Алайда ер кісі одан бас тартты. Кейінірек Асылхан Дүкенбаев шымкенттіктің «көлік сыйлаймын» дегені бос сөз болып шаққанын жазды.
Сондай-ақ, Отаровтар әулетінің баспана мәселесінде де қиындықтары бар екен. Бірақ отағасы халықтың үй алып беруіне түбегейлі қарсылығын білдірді.
«Жалпы ағайын, шешем, бауырларым, келіншегім бәріміз ақылдаса келе, үй мәселесін тоқтату жөнінде шешім қабылдап отырмыз. Мына тұрып жатқан баспанам тегін. Шешемнің сөзі мен үшін үлкен нәрсе. Ол кісінің сөзінен мен аттап кете алмаймын», - деді ол.
Белгілі болғандай, бүгінде Қанат Отаровтың көлік алуына халықтан жиналған қаражат сомасы 8 млн теңгеден асқан.