Айырбастау пунктері терроризмді қаржыландыру үшін пайдаланылуы мүмкін – Қаржылық мониторинг агенттігі

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақстанда қаржы операциялары туралы деректерді жинау жүйесінде тіркелмеген айырбастау пунктері де бар

Фото ашық дереккөзден

Айырбастау пунктері терроризмді қаржыландыру үшін пайдаланылуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ведомство мәліметінше, қолданыстағы заңнамаға сәйкес 500 мың теңгеден астам сомаға валюта айырбастау кезінде айырбастау пунктері клиенттен жеке басын куәландыратын құжатты және тұратын мекенжайын талап етуі тиіс. Егер операциялардың сомасы 500 мың теңгеге дейін болса, клиент тек жеке басын куәландыратын құжатты ұсынады. Осы орайда агенттік мұндай талап не үшін қажеттігін де түсіндіріп берді.

«Бұл талап қылмыстық кірістерді заңдастыруға қарсы іс-қимыл элементтерінің бірі болып саналады. Алайда, Қазақстандағы жағдай мынадай, барлық айырбастау пунктері бұл ережелерді сақтамайды. Яғни өз клиентін сәйкестендірмейді. Кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заң айырбастау пунктерін клиенттерді сәйкестендіріп қана қоймай, ішкі бақылау қағидаларын әзірлеуге және бекітуге, терроризмге байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесін қадағалауға, сондай-ақ күдікті операциялар туралы ҚР Қаржы мониторингі агенттігіне хабарлауға міндеттейді», - деп атап өтеді ведомстводан.

Таратылған ақпаратқа қарағанда, күдікті операцияларға қолма-қол ақшаның ірі сомаларды тұрақты айырбастау, үшінші тұлғалардың қатысуымен валюта айырбастау, сыртқы келбеті күдікті адамдардың, терроризмді қаржыландыру тәуекелі жоғары елдерден келген шетел азаматтарының валюта айырбастауы жатады.

 «Алайда Қазақстанда қаржы операциялары туралы деректерді жинау жүйесінде тіркелмеген айырбастау пунктері де бар. Оларға «Royal валюта« ЖШС, «NURALI exchange« ЖШС, «МиК« ОП ЖШС, «Лидер Эксчейндж« ЖШС, «Константа-А« ЖШС, «Семей Валюта« ЖШС, «Ромик« ЖШС, «Ай-Ару и К« ЖШС, «I' asi 'na-Qazyna« ЖШС, «ТЕНГРИЯ« ЖШС жатады. Қаржылық мониторингі агенттігі жоғарыда көрсетілген айырбастау пунктеріне WEB-СФМ порталында дереу тіркелуге және заңнама талаптарын сақтауға шақырады», - деп атап өтеді ведомстводан.

Агенттіктің атап өтуінше, «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңының талаптарын орындамау, оның ішінде күдікті операциялар туралы хабарламаларды жібермеу кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қатысу ретінде бағалануы мүмкін. Сондықтан ҚР заңнамасында көзделген айырбастау операцияларын жүзеге асыруға лицензияны қайтарып алуға дейінгі жауаптылыққа әкеп соғады.