Ақпараттық шабуылдардың басым бөлігі елден тыс жерлерден жасалады
Қаңтар трагедиясының салдары туралы жалған ақпарат таратқан 43 шетелдік аккаунт анықталған. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қайғылы қаңтар оқиғаларынан кейін қоғам санасына әсер ету үшін ақпараттық соғыс өріс алды. Ресми органдардың ескертуіне қарамастан, әлеуметтік желі арқылы құқық қорғау органдарының қызметі туралы көрінеу жалған ақпарат тарату жағдайлары жиілеп кетті. Ақпараттық шабуылдардың түпкі мақсаты – құқық қорғау органдарының беделін түсіру ғана емес, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік құрылысын тұрақсыздандыру. Ақпараттық шабуылдардың басым бөлігі елден тыс жерлерден жасалады. Бүгін шетелде тіркелген 43 аккаунт анықталды», - деді департамент бастығы.
Сондай-ақ, ол көрінеу жалған ақпарат таратқандар заңмен белгіленген жауапкершіліктер арқалап жатқанын атады.