Оралда жылыжайда көкеніс емес, есірткі өсірілген
Заңсыз айналымнан 17 кг марихуана, 100 түп қарасора мен зертханалық жабдық тәркіленді
Орал қаласындағы жылыжайлардың бірінде көкеніс емес, есірткі өсірілген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Күдіктілердің бұл іспен қанша уақыт айналысып келгені белгісіз. Тінту барысында жылыжайдың ішінде есірткі жайқалып тұрған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалы ҚР ҚК 297-бабының 3-бөлігі бойынша СТБТ-да тіркелді. Сот «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасын санкциялады.
«Гидропоника» әдісімен марихуананы өсірумен айналысқан есірткі зертханасының иелерін ҰҚК қызметкерлері ұстаған.
«Жедел тергеу іс-шаралары барысында қаладағы жеке үйлердің бірінде екі азамат каннабистік топтың есірткі құралдарын заңсыз өсіргені және сақтағаны анықталды. Заңсыз айналымнан 17 кг марихуана, 100 түп қарасора мен зертханалық жабдық, сондай-ақ кесілген тегіс ұңғылы мылтық және травматикалық тапанша тәркіленді», -деп хабарлады ҚР ҰҚК баспасөз қызметі.