$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бірінші орынбасары тағайындалды

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Қайрат Ақтановты Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының жеке құрамына таныстырды

Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бірінші орынбасары тағайындалды

Президент Әкімшілігінің келісімі бойынша Ішкі істер министрінің бұйрығымен генерал-майор Қайрат Ақтанов ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаев Қайрат Михаилұлын Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының жеке құрамына таныстырды.

«Ел Президенті ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан алдында үлкен міндеттер қойды. Қаңтар оқиғалары, ең алдымен, бізден іс-әрекеттің, іс-қимылдың жеделдігін, Ішкі істер және қорғаныс министрліктері арасында қарым-қатынастың анықтығын қажет екенін көрсетті. Бүгінгі күні ІІМ, Ұлттық ұланның арнайы мақсаттағы бөлімшелерін күшейту, олардың штаттық санын ұлғайту жоспарланып отыр. Жалпы алғанда ведомство құрылымдарының қызметін жетілдіру және нығайтуға қатысты кешенді жұмыстарды бастап кеттік. Еліміз үшін ауыр күндері полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұлан жауынгерлері құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мен тұрғындарды қорғау бойынша кәсіби біліктілік танытты. Генерал-майор Ақтановтың қоғамдық тәртіпті сақтау мен қылмысқа қарсы күреске қатысты тапсырмаларды орындауға бар күш-жігерін саларына сенімдімін», – деді ведомство басшысы.

Қайрат Ақтанов 1972 жылы  наурызда Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Қазақстан Республикасы Шекара әскерлерінің Әскери институтын, ҚР Қарулы Күштерінің Ұлттық қорғаныс университетін, Ресей Федерациясы Бас штабының академиясын тәмамдаған.

ІІМ Ішкі әскерлері қатарында взвод командирі лауазымынан бастап, полк және құрама командирі лауазымдарына дейінгі қызметтік жолдан өтті. Әр жылдарда Ұлттық ұланның «Батыс», «Оңтүстік», «Шығыс» өңірлік қолбасшылықтарын басқарды және Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының кеңесшісі, Ұлттық ұлан Бас штабы бастығының бірінші орынбасары міндеттерін атқарды.

Қазақстан Республикасының 12 медалімен наградталған, Ішкі істер министрлігінің Құрметті қызметкері.

Ұландықтармен кездесу аясында ведомство басшысы барлық жеке құрамның кәсіби дайындығына, сондай-ақ елдің қоғамдық қауіпсіздігіне  төнген жаңа сын-қатерлер жағдайында Ұлттық ұланға жүктелген тапсырмалардың ерекшеліктерін ескере отырып, мамандарды даярлауға ерекше назар аударды.

Сонымен қатар, Ерлан Тұрғымбаев Ұлттық ұлан жеке құрамын Үкіметтің 2022 жылғы 2 ақпандағы Қаулысымен Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Әскери институтына Академия мәртебесінің берілуімен құттықтады.

«Әскери институттың Академия болып қайта құрылуы әскери және ғылыми-педагогикалық кадрларды, барлық бағыттағы жедел-тактикалық деңгейдегі кәсіби мамандарды дайындаудың тиімділігін арттыруға, қоғамдық қауіпсіздік саласында ғылыми зерттеуді жүргізуге, офицерлер мен ішкі істер органдары және басқа да күштік құрылымдардың  қызметкерлерін қайта даярлауға мүмкіндік береді», - деп қорытындылады сөзін Ерлан Тұрғымбаев.

Серіктес жаңалықтары