ЕАЭО елдерімен мұнай және газ бағасы теңестіріле ме? – министр жауабы
Министрдің айтуынша бізде мұнай мен газ бағасы көрші Ресеймен салыстырғанда төмен

Еуразиялық экономикалық одақ аясында біріккен тұтас нарыққа көшу мәселесіне қатысты Энергетика министрі Болат Ақшолақов пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Одақ аясында ортақ баға, тұтас нарық болуы керек. Бұл жан-жақтан пысықтап қарайтын мәселе. Салық, акциз бойынша Ресеймен салыстырғанда едәуір айырмашылық бар. Қазіргі уақытта мұнай мен газ бағасы қандай болатынын әлі айта алмаймыз. Одақ елдерінің арасында сауданы салықсыз жүргізу деген мәселе бар. Олай болатын болса, бағаның деңгейін бір-бірімен салыстыруға болады. Егер әр ел өз салығын қосатын болса, біраз баға айырмашылығы қалыптасады. Бізге әлі 4 жыл бар. Осы уақыт аралығында барлық ережелердің жобасы қарастырылады. Әлі келіссөз жүргізілуде», - дейді министр.
Оның айтуынша бізде мұнай мен газ бағасы көрші Ресеймен салыстырғанда төмен. Ортақ нарық бекітілген жағдайда тұтынушыларға әсер етпес үшін жұмыс жүргізілетінін атап өтті.