Сенатта азық-түлік тауарларының сауда үстемелерін 15%-дан 10%-ға дейін төмендету ұсынылды
Құс етінің 38%-ы импортталады

Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік астық ресурстарын және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін қалыптастыру, сақтау және пайдалану мәселелерін заңнамалық тұрғыдан бекіту қажет. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында айтылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Жоғары палата депутаты Бауыржан Қаниев Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында кейбір импорттық тауарлардың статистикалық мәліметтерін келтірді. Мәселен, Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, қазір елге сүт өнімдерінің 23%-ы, құс етінің 38%-ы, шұжық өнімдерінің 44%-ы импортталады. Яғни, ел импорттық өнімдерге айтарлықтай тәуелді, бұл мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігіне нақты қауіп төндіреді.
Осыған байланысты депутат елдің импортқа тәуелділігін төмендету, Тамақ өнімдері өндірісін дамытуды қамтамасыз ету, экспорт пен импорттың теңгерімді құрылымын сақтау, сондай-ақ азық-түлікпен қамтамасыз етуді тұрақтандыру үшін резервтік қорлар құруды орынды деп санайды.
«Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік астық ресурстарын және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін қалыптастыру, сақтау және пайдалану мәселелерін заңнамалық тұрғыдан бекітуді ұсынамыз. Сондай-ақ, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағаны белгілеу және сауда үстемелерін 15%-дан 10%-ға дейін төмендетуді және елде өндірілмейтін немесе сыртқы нарықтарда аз мөлшерде өндірілетін өнімдерді сатып алу тетігін енгізуді ұсынамыз», - деді депутат.