Мемлекет ақшасына шетелден сатып алынған асыл тұқымды мал климатқа бейімделмей өлген
Қазір бізде ақбас тұқымды ірі қара малдың саны 390 мыңға жетті
Мал басын асылдандыру бойынша шетелден сатып алынатын төрт түлік көбінесе жергілікті климатқа бейімделе алмайды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Қайнар Абасов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Соңғы жылдары барлық селекциялық асыл тұқымды жұмыстар негізінен импорттық асыл тұқымды мал сатып алумен жүргізіледі. Оны сатып алуға және жеткізуге қыруар қаражат жұмсалды. Шетелден сатып алынатын мал көбінесе жергілікті климатқа бейімделмеген. Оның үстіне еліміздің аумағында бұрын кездеспеген түрлі жұқпалы ауруларды жеткізуші болуы да мүмкін. Бұдан басқа тиісті жем-жөп базасының болмауына байланысты мұндай малдың өлуі және өнімділігі төмендеген жағдайлар байқалды. Ал ұлтымыздың игілігі мен брендіне айналған қазақтың ақбас сиыры, әулиекөл тұқымы сияқты отандық тұқымдар назардан тыс қалды. Осыған байланысты аталған отандық мал тұқымдарын дамыту үшін қандай шаралар қабылданып жатыр», - деген сауал жолдады депутат.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, қазір бізде ақбас тұқымды ірі қара малдың саны 390 мыңға жетті.
«Әулиекөлді алатын болсақ, 57 мыңға жетіп отыр. Осы жылы 1 млн-нан асамыз ба деген жоспарымыз бар. Өзіміздің асыл тұқымды малдар біздің ауа райына қолайлы. Бұл бағытта мемлекет тарапынан қомақты қаражат жіберілуде», - деп түсіндірді жағдайды.