Қызылордада жоғалған жасөспірім қыз елордадан табылды

Қызылордада жоғалған 16 жастағы қыз елордадан табылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Өткен жылдың желтоқсан айында Қызылорда қаласының тұрғынынан 16 жастағы қызының үйінен сабаққа шығып, қайта оралмағаны жөнінде хабарлама түскен. Қызылорда облысы Полиция департаментінің жеке құрамы дереу жедел-іздестіру шараларын бастаған. Күні-түні жүргізілген іздестіру жұмыстарының нәтижесінде, ювеналды полицейлер жоғалушының 21 желтоқсан күні Нұр-Сұлтан қаласында жүргенін анықтап, әріптестердің көмегімен кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырған.
Мысалы, 26 қаңтарда сағат 14:00 шамасында Қызылорда қалалық Полиция басқармасының 102 арнасына Қызылорда қаласының тұрғыны алты жастағы ұлы өзінің тұрғылықты мекенжайынан қарама-қарсы дүкенге шығып, қайта оралмағандығы жөнінде хабарлаған.
Дереу іздестіру жұмыстарына кіріскен полицейлер кішкентай баланы көрші үйдің ауласынан тапқан.
«Облыс бойынша өткен жылы кәмелетке толмағандар арасында хабар-ошарсыз кетудің 84 дерегі тіркеліп, олардың барлығы ата-аналарына аман-есен тапсырылды. Осыған орай, полиция қызметкерлері ата-аналарға балаларына деген бақылауды және жауапкершілікті күшейтіп, қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын арттыру қажеттігін қатаң ескертеміз», – деп атап өтті Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы Бектөре Сұлтан.