Дмитрий Баландин Қытайда өтетін «Champions Swim Series» турнирінің екінші маусымына қатысады
Турнирге жалпы есебі 26 мемлекеттен 70 спортшы қатысады
14-16 қаңтар күндері Қытайдың Шеньчжэнь қаласында Халықаралық су спорты түрлері федерациясының ұйымдастыруымен «Champions Swim Series» турнирінің екінші маусымы өтеді. Жарысқа олимпиада чемпиондары, әлем чемпиондары мен рекордшылар және өткен жылғы FINA рейтингіндегі үздіктер қатысады. Бұл тізімде Рио олимпиадасының чемпионы, қазақстандық спортшы Дмитрий Баландин де бар.
Қазақстандық спортшы 200 метрге брасс әдісімен жүзуден сынға түседі. Бұл қашықтықта 2015 жылғы әлем чемпионы Маркус Кох (Германия), Еуропа чемпионы Арно Камминга (Нидерланд) және Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Джон Перно бақ сынайды. Баландин қатысатын 200 метрге брасс әдісімен жүзуден өтетін бәсеке 15 қаңтарға жоспарланған.
Еске салайық, Дмитрий Баландин 2020 жылы Токиода өтетін олимпиадаға жолдамаға дәл осы «Champions Swim Series» турнирінің бірінші маусымында қол жеткізді.