Қазір Лозаннада 15-18 жас аралығындағы спортшылардың басын қосқан қысқы олимпиада өтіп жатыр
Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев Швейцарияның Лозанна қаласында өтіп жатқан ІІІ қысқы жасөспірімдер олимпиадасы аясында Халықаралық олимпиада комитетінің ресми іс-шараларына қатысты. Бұл туралы olympic.kz сайты хабарлайды.
Қазақстан ҰОК басшысы әлемдегі олимпиадалық қозғалыстың аса маңызды мәселелерін талқылап, шешім қабылдаған Халықаралық олимпиада комитетінің (ХОК) 135-ші сессиясына қатысты. Отырыста ХОК президентінің есебі тыңдалып, 2020 жылғы Токио олимпиадасын, 2020 жылғы Лозаннадағы қысқы жасөспірімдер олимпиадасын және 2022 жылғы Дакардағы жазғы жасөспірімдер Олимпиадасын ұйымдастыру комитеттері есеп берді.
Сессия жұмысы барысында 2024 жылғы қысқы жасөспірімдер олимпиадасын Азия аймағында – Каннын мен Пхенчхан қаласында өткізу туралы шешім қабылданды. Бұл екі қала 2018 жылғы қысқы олимпиада ойындарын қабылдаған болатын. Сол себепті, олардың ұсынысы 2020 жылғы олимпиада күн тәртібінің талаптарына толығымен сай келді.
Одан бөлек, Тимур Құлыбаев ХОК-тың қоғаммен байланыс және спорт арқылы әлеуметтік даму Комиссиясының отырысына қатысты. Сондай-ақ, сессия кезінде ХОК президенті Томас Бахпен кездесті. ХОК және Қазақстан ҰОК басшылары 2020 жылғы Токио олимпиадасына дайындық барысын талқылады.
Қызметтік іссапар аясында ҰОК президенті Лозаннадағы үшінші жасөспірімдер ойындарының олимпиадалық қалашығына ат басын тіреп, қазақстандық спортшылармен кездесті. Қазір Лозаннада 15-18 жас аралығындағы спортшылардың басын қосқан жасөспірімдер Олимпиадасы өтіп жатыр. Олардың қатарында 26 қазақстандық спортшы бар.
«Ең алдымен баршаңызға жасөспірімдер Олимпиадасына қош келдіңіздер дегім келеді. Лозаннадағы дода сіздердің табысты әрі жарқын болашақтарыңыздың бастауы болады деп сенемін. Жасөспірімдер Олимпиадасы - үлкен спорттық мерекенің атмосферасы мен рухын сезінуге берілген таптырмас мүмкіндік. Мұнда жинаған тәжірибелеріңіз болашақта кәдеге жарайды деп есептеймін. Сіздер Қазақстан ұлттық құрама командаларының резерві саналасыздар, еліміздің болашақтағы ірі жеңістері сіздермен тікелей байланысты. Спорт дегеніміз тек қана жүлдеге таласу емес. Оның ауқымы кең. Елдер арасындағы достықты нығайтуда да спорттың рөлі ерекше. Ал жасөспірімдер Олимпиадасы халықтар достығының символы саналады. Мұның жарқын мысалы – осы Олимпиададағы әртүрлі ел өкілдерінен жасақталған командалар арасындағы хоккей жарысы. Олимпиада ойындары өз әлеуеттеріңізді анықтап, мүмкіндіктеріңізді жүзеге асыруға арналған алаң. Сіздерге табыс, төзім және ірі жеңістер тілеймін», - деп атап өтті Тимур Құлыбаев.
Іссапар Ұлттық Олимпиадалық комитеттер қауымдасығы атқарушы комитеттерінің отырысымен жалғасады. Айта кетелік, Қазақстан ҰОК президенті Тимур Құлыбаев 2018 жылдың қараша айынан бері аталған ұйымға мүше 24 адамның қатарына енді.