$ 498.55  524.28  4.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия-Үндістан» саммитінде өңіраралық көлік-логистикалық консорциум құруды ұсынды

Соңғы 10 жылда Қазақстан ұлттық көлік инфрақұрылымын дамытуға шамамен 30 млрд доллар инвестиция құйылды

Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия-Үндістан» саммитінде өңіраралық көлік-логистикалық консорциум құруды ұсынды

Тиімді және қауіпсіз транзиттік инфрақұрылым Орталық және Оңтүстік Азия елдерінің өзара байланысын нығайта түспек. Осы ретте өңіраралық көлік-логистикалық консорциумды құру мүмкіндігін қарастыру керек. Мұндай ұсынысты ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия-Үндістан» саммитінде айтты.
«Орталық Азия экономикалық байланыс жүйесінде үлкен көліктік-логистикалық әлеуетке ие. Қазақстан аумағы арқылы 11 халықаралық транзиттік дәліз өтеді. Оның ішінде бес теміржол және алты автомобиль жолы шығыс-батыс және солтүстік-оңтүстік бағытында жүк қозғалысының жоғары жылдамдығын қамтамасыз етеді. Солтүстік батыс бағытта ЕЭО кеңістігінде бірыңғай кедендік аумақты ескере отырып, Ресей нарығына, сондай-ақ Шығыс Еуропаның бірқатар елдеріне кедергісіз өту мүмкіндігі бар. Оның қуаты жылына 26 млн тоннаны құрайтын қазақстандық Ақтау және Құрық порттары арқылы өтетін батыс бағыты да маңызды. Каспий теңізі арқылы олар Каспий аумағындағы мемлекеттерге, Түркия еліне және одан әрі батысқа кең жол ашады», - деді Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы соңғы 10 жылда Қазақстан ұлттық көлік инфрақұрылымын дамытуға шамамен 30 млрд доллар инвестиция құйғанын атап өтті. Жаңғырту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
«Теңізге шыға алмайтын елдер үшін бұл стратегиялық маңызы бар мәселе. Орталық және Оңтүстік Азияның өзара байланысының негізгі элементі сенімді, тиімді және қауіпсіз транзиттік инфрақұрылымға айналуы тиіс. Ол үшін өңіраралық көлік-логистикалық консорциумды құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын. Аталған құрылым Үндістан мен Каспий теңізі, Парсы шығанағы порттары бағытындағы көлік бағыттарының өзара тиімді толыққанды жүктелуіне қатысты ұлттық саясатты үйлестіруді қамтамасыз етеді», - деді президент.
Айта кетейік, Үндістан Премьер-Министрі Нарендра Модидың бастамасымен ұйымдастырылған онлайн саммитке Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов қатысты.

Серіктес жаңалықтары