$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстанда 6,5 млн адам жалданып жұмыс істейді – Сенат депутаты

Қазіргі уақытта елімізде 300 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істеп тұр

Қазақстанда 6,5 млн адам жалданып жұмыс істейді – Сенат депутаты
Фото ашық дереккөзден

Жыл сайын елімізде 1 500-ге жуық адам өндірісте жарақат алады, бұл ретте 200-ден астам адам алған жарақатынан көз жұмады, ал 600 адам жұмыс кезінде мертігу және кәсіби аурулар салдарынан мүгедектік алады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сенатор Нариман Төреғалиев еліміздің Премьер-министрінің атына жолдаған депутаттық сауалында осындай келеңсіз деректерді келтірді.

«2020 жылы тексерілген 1,6 млн жұмысшының 22% зиянды және қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істегені анықталған. Нәтижесінде жыл сайын 500-ге жуық жұмысшыдан кәсіптік аурудың алғашқы белгілері тіркелуде. Одан басқа, 2020-2021 жылдары еңбек инспекторларымен анықталған 11 мыңнан аса бұзушылық болса, соның 34% еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласында тіркелген», - деп атап өтті Нариман Төреғалиев.

Қазіргі уақытта елімізде 300 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Алайда, мемлекеттік бақылауды тек 237 еңбек инспекторы ғана жүргізеді. Инспекторлардың жетіспеушілігіне байланысты жыл сайын ұйымдар мен кәсіпорындардың тек 3%-ын тексерумен қамту мүмкін болып отыр. Сенатор түсіндіріп өткендей, бұл құзыретті органдар өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алумен күреспейді, тек өткен шақпен ғана жұмыс істейді.

Сонымен қатар, Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес инспекторлар жоспарлы тексеру жүргізу туралы 30 күнтізбелік күн бұрын ескертуге міндетті. Қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын қорғау үшін халықаралық еңбек ұйымының нормалары бойынша инспекторлар жоспардан тыс тексеру жүргізуге де құқылы болуы тиіс.

«Баяндалғанды ескере отырып, кәсіпкерлік кодексте көзделген еңбек инспекторларының қызметін шектеу туралы нормаларды Халықаралық еңбек ұйымының конвенцияларына сәйкес келтіру маңызды деп санаймыз. Сонымен қатар, мемлекеттік еңбек инспекторларының санын арттыру мәселесін пысықтау, сондай-ақ өндірістегі жазатайым оқиғалар фактісі туралы уақытылы хабарламағаны үшін жұмыс берушінің әкімшілік жауапкершілігін күшейту мәселесін қарау қажет», - деді сенатор.

Депутат сондай-ақ сенаторлардың бастамасы бойынша қазір еліміздің «Еңбек кодексіне» тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын әзірлеуге дайындалып жатқанын атап өтті.

Серіктес жаңалықтары