Түркістанда ұрлық жасаған бес адам оқиға орнында қолға түсті

Автор: Azattyq Rýhy

Ұрланған заттар заңды иесіне қайтарылды

Түркістан қаласының полицейлері ұрлық жасаған бес күдіктіні оқиға орнында ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан полицейлері түнгі уақытта қалада жаңадан салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйдің алдында Toyota Hilux көлігі мен жанында бірнеше адамдар тұрғанын көреді. Қандай да заң бұзушылықтың болуы мүмкін екенін ескерген полицейлер бірден ер адамдардың жанына барып, не мақсатпен жүргендерін сұрайды. Ал көліктің ішінен 30-дан астам қорапқа салынған кафельдерді табады. Оларды қайдан алғаны, қайда апара жатқандарын сұрағанда жас жігіттерден мардымды жауап ала алмайды.

Осылайша полицейлердің қырағылығы, кәсіби шеберлігі нәтижесінде, орын алғалы тұрған ұрлық қылмысына жол берілмеді. Анықталғандай, күдіктілер құрылысқа қажетті затты құрылыс аумағынан ұрлап шыққан. Ал бұл жайында ЖШС басшылығына тәртіп сақшылары жеткізді. Айғақты зат ретінде алынған 33 қорап кафель заңды иесіне қайтарылды.

Полицияға бес күдікті ер адам жеткізілді. Оның үшеуі сол құрылыста жұмыс істесе, қалған екеуі олардың таныстары болып шықты. Қазіргі таңда ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.