Әлеуметтік желіде депутатқа тіл тигізген азаматқа жаза тағайындалды
Сотталушы депутатқа моральдық зиян ретінде 100 мың теңге және осы іс бойынша заңгерлерге 500 мың теңге төлеуі тиіс
Ақтөбе облыстық мәслихат депутаты әлеуметтік желіде өзіне тіл тигізген азаматты сотқа берді. Сот Facebook-те облыстық мәслихат депутатын қорлаған ақтөбелікке жаза тағайындады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy "Диапазон" сайтына сілтеме жасай отырып.
Басылымның жазуынша, әлеуметтік желіде ауыл шаруашылығы колледжінің директоры Амангелді Есеркеповті (облыстық мәслихат депутаты) желі қолданушыларының бірі "ақымақ", "старпер" деп, оны қорлайтын сөздер жазған. Мұны көрген депутат пікір жаған авторды сотқа берген.
Айыпталушы тарап та ауыл шаруашылығы колледжінің оқытушысы болған, оны прокурорлық ұйғарымнан кейін жұмыстан шығарған. Айыпталушы кінәсін мойындамаған, ол Facebook-те Есеркеповті қорламағанын, парақшасы жоқ екенін айтқан.
Сот бұрынғы АӘД оқытушысын 50 сағаттық қоғамдық жұмыстарға тарту туралы үкім шығарды, бірақ оны рақымшылыққа байланысты осы жазадан босатқан. Сондай-ақ, сотталушы Амангелді Есеркеповке моральдық зиян ретінде 100 мың теңге және осы іс бойынша заңгерлерге 500 мың теңге төлеуі тиіс.