Қызылордада 7 баланың анасы әкімдік ғимаратын бүлдіргені үшін қамауға алынды

Автор: Azattyq Rýhy

Зарина Бейбасарованың әкімдікті бүлдіріп жатқан сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалған

Фото ашық дереккөзден

Қызылордада 7 баланың анасы Зарина Бейбасароваға қылмыстық іс қозғалып, 2 ай тергеу қапасына қамалған, деп хабарлайды Экспресс К.

Қамалған әйелдің 6 айлық емізулі баласы үйінде қалды. «Анасын қамап тастағаны бәрінен де ең кенжемізге қиын болды» деп қынжылады Заринаның жолдасы. Оның айтуынша, әйелі тәртіпсіздікке мүлде қатыспаған. Ол 5 қаңтар күні әкімдікке жеке шаруаларымен барған еді дейді. Ал бұзақылар сол сәтте ғимаратқа шабуылдағанын айтады.

«Оның бұзақыларға қатысы жоқ. Тек бұзақылар әкімдікке басып кірген сәтте сол жерде болған. Бірақ ештеңе бүлдірмей, қайтып кеттім деді маған. Балаларға обал болды. Кімнен көмек сұрарымды білмей отырмын», - дейді Зарина Бейбасарованың күйеуі Нұрлан Мәтенов

Ал Бас прокуратураның Қызылордадағы жауапты прокурорының айтуынша, Зарина Бейбасарованың әкімдікті бүлдіріп жатқан сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

«Облыстық әкімдік ғимаратында бүкіл заттарды сындырып жүргені бейнекамераға жазылған. Тас лақтырып жүргені бейнежазбамен толық дәлелденіп тұр. Сондықтан ҚК-нің 272-баптың 2-тармағымен тергеу соты қамауға алды», - дейді прокурор Азат Әбдуманов.