СҚО-да 30 жыл ашық жатқан уран кеніштері қоршалатын болды

Автор: Эльмира Мәмбетқызы

Кейбір ашық жерлерде радияциялық көрсеткіштер жоғары

Солтүстік Қазақстанда 30 жылдан бері ашық жатқан уран кеніштері қоршала бастады. Айыртау және Мүсірепов аудандарында 10 жылдан астам уақыттан бері қараусыз қалған 5 кен орны бар. Қоршаған ортаға ғана емес, адам денсаулығына үлкен қауіп төндірген проблема 2023 жылға дейін шешімін табуы тиіс, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

1977 жылы ашылған Целиноград тау-химиялық комбинатының Солтүстік Қазақстанда бес шахтасы болған. Атап айтар болсақ, Айыртау ауданында Грачевское, Косачинное, Дергачевское және Ғабит Мүсірепов ауданында Шокпакское, Ақан-Бұрлық кен орындары. Кәсіпорында жылына уранның 120 мың тоннасы өндірілген. Ұжымда 5 мың адам еңбек еткен.

Қазір оның орнында қираған ғимараттар ғана қалған. Қабырғасы қаусаған нысандар мүлде шашылып қалудың аз-ақ алдында тұр. Бірнеше мәрте тексеріс жүргізген экологтар кен орындарының барлығында радиация барын анықтаған еді. Тек көлемі әртүрлі. Бірақ оның су немесе топырақпен жан-жаққа таралып-таралмайтыны зерттелмеген.

«2017 жылдан бастап аталған кен орындарында мониторинг жұмыстарын жүргіздік. Кейбір ашық жерлерде радияциялық көрсеткіштер жоғары. Сондықтан біз осы мәселені көтеріп, оны жабу жөнінде жұмысты жалғастыру туралы шешім қабылдадық. Көп уақыттан бері көтеріліп келе жатқан мәселе шешімін тапты», - дейді СҚО Экология департаментінің басшысы Азамат Бектасов.

1990-шы жылдары кен орнының жұмысы тоқтатылып, шахталар консервацияланды. Жабылған кәсіпорынды «Уран Ликвид Рудник» компаниясы бақылауға алды. Алайда мекеме 2010 жылы банкротқа ұшырап, кеніш қараусыз қалды. Жергілікті тұрғындар нысандағы құрылыс материалдарын бұзып алып, жанында бос жатқан жерге мал жая бастаған.

Кен орындарын қоршау мақсатында арнайы жол картасы әзірленді. Жоспарға сай радияциялық қауіпті аймақ 2023 жылға дейін толық қоршалады.