Өткен жылы еліміз кәсіпорындарында 200 адам көз жұмған
Бұл 205 адам қайтыс болған 2020 жылмен салыстырғанда 2,4%-ға төмен көрсеткіш
ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның кезекті отырысында еңбек қатынастарын реттеу мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов бүгінгі таңда Қазақстанда 6,7 млн адам жұмыс істейтін 340 мыңнан астам белсенді кәсіпорын бар екенін хабарлады.
«Жұмыскерлердің еңбек құқықтарының сақталуын бақылауды 246 мемлекеттік еңбек инспекторы жүзеге асырады, олар 2021 жылы 5 130 тексеру жүргізді, нәтижесінде 10 783 бұзушылық анықталды. Жүргізілген жұмыс қорытындысы бойынша жұмыс берушілерге 3 371 ұйғарым беріліп, 278,2 млн теңге сомасына 1 334 айыппұл салынды.
Еліміздің кәсіпорындарында 1465 адам зардап шекті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5%-ға төмен (2020 жылы – 1503 адам). Бұл ретте 200 адам қайтыс болды, бұл 205 адам қайтыс болған 2020 жылмен салыстырғанда 2,4%-ға төмен», – деді Серік Шәпкенов.
Тұжырымдаманы іске асыру барысында 2030 жылға қарай зиянды және басқа да қолайсыз еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер санын 15%-ке дейін төмендету, өндірістегі жазатайым оқиғалар салдарынан зардап шеккендер санын 0,24-ке дейін (1000 жұмысшыға) төмендету, сондай-ақ еңбекті қорғау саласындағы заң бұзушылықтарды елдегі жалпы көрсеткішке шаққандағы үлесін 15%-ке дейін төмендету жоспарлануда.
Үкімет қызметкерлердің еңбек құқықтары мен жұмысқа орналасуын қамтамасыз ету жұмысын жалғастыруды, еңбек жанжалдарына жол бермеу жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.