Ауа райының нашарлауына байланысты алты өңірде жол жабылды
Бірқатар облыста боран, қар, көктайғақ болып, 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғады
Ауа райының қолайсыздығына байланысты елдің алты өңірінде жолдар жабылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мәліметінше, ауа райының нашарлауына байланысты алты өңірде: Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан облыстарында республикалық және облыстық маңызы бар тасжолдар жабылды.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, өңірлерде боран, қар, көктайғақ болып, секундына 15-20 метр жылдамдықпен жел соғады», - деді ҚР ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли.
ТЖМ жедел штабы жол қызметтері, ІІМ, "Қазгидромет" және жергілікті атқарушы органдармен ведомствоаралық өзара іс-қимылды жолға қойды. Жолдардың жабық учаскелерінде қар жинау техникасы іске қосылып, құтқарушылар мен полицейлер бекеті қойылды. Жылыту пункттері дайындалды.
«Дауыл туралы ескерту хабарламаларын елеп, қажетті сақтық шараларын сақтаңыз. Қысқы кезеңде елді мекендер арасындағы көлік жолдарына шығуды жоспарламас бұрын міндетті түрде алдағы қозғалыс бағыты бойынша ауа райы болжамын қарау қажет», - деді Талғат Уәли.