Төтенше жағдай кезеңінде алкогольдік өнімдерді сатуға тыйым салынады
Елордада төтенше жағдай режимінің енгізілуіне байланысты полицейлер тұрғын үйлерге тексеріс жүргізіп, көші-қон заңнамасын бұзудың 1372 фактісі анықталып, 38 шетелдік азамат елден шығарылды деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін Әкімшілік кодекстің 476-бабы бойынша 318 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, төтенше жағдай кезінде масаң күйде көлік құралын басқаруға қатысты 10 факті анықталған. Соттың шешімі бойынша жүргізушілер қамауға алынды.
«Осы қиын кезеңде азаматтардың тарапынан бейқам жүруге жол берілмеуі тиіс. Төтенше жағдай кезеңінде алкогольдік өнімдерді сатуға тыйым салынатынын естеріңізге саламын. Құқық бұзушылар анықталатын болады және лицензиясынан айыруға дейін қатаң жазаланады», – деді елордалық комендант Ержан Саденов.
Блокбекеттер қойылған сәттен бастап тыйым салынған заттарды анықтау үшін шамамен 50 мың автокөлік тексерілді. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша және блокбекеттерде екі тегіс ұңғылы «Сайга» қару-жарағы, «РГД-5» оқу-жаттығу гранатасы, «СVvz.27» маркалы тапанша, оқтан қорғайтын күртеше, оқ-дәрілер, 11 бита, бес резеңке таяқ, кастеттер, дубинкалар, аэрозольдік тапанша, қолкісендер және бұрышты балоншалар тәркіленді. Барлық фактілер бойынша тексеру жұмыстары жүргізілуде.