Ақтөбеде әкімдіктен өзге стратегиялық нысандар зардап шеккен жоқ – облыс әкімінің орынбасары

Azattyq Rýhy

Қазіргі кезде шығын көлемі шамамен 300 миллион теңге деп болжанып отыр

Фото ашық дереккөзден

Ақтөбеде тек облыс әкімдігінің ғимараты бүлінді. Қазіргі кезде шығын көлемі шамамен 300 миллион теңге деп болжанып отыр. Бұл туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Руслан Хамбаров Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен тікелей эфир кезінде мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақтөбеде бейбіт шеру басталған кезде облыс әкімдігінің алдына 2 мыңға жуық адам жиналған. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Руслан Хамбаровтың айтуынша, олар бірнеше мәселені көтерді.

«Бастапқы талаптары - газ бағасын төмендету, азық-түлік бағасының өсуін тежеу және жалақыны көтеру болды. Әрі қарай Үкімет құрамын алмастыру сияқты саяси сипаттағы талаптар қойылды. Осыған байланысты, облыс әкімдігі тарапынан, наразы топпен байланыс орнату және түсіндіру жұмыстарын жүргізу бойынша әрекеттер жасалды. Алайда арнайы арандатушыларға және митингтің стихиялық көрініс алуына байланысты, сындарлы диалог құру мүмкін болмады. Шынын айту керек, жиналған жұрт әкім немесе әкімнің орынбасарларын тыңдауға құлқы да, ниеті де болған жоқ», - деді Руслан Хамбаров.

Оның айтуынша, облыс аудандарында наразылық акциялары өткізілген. Наразылық білдірушілер «Ақтөбе-Астрахань», «Самара-Шымкент», «Қарабұтақ-Қостанай», «Қандыағаш-Ембі» тасжолдарын жауып тастаған. Сонымен бірге теміржол станцияларында қозғалыс тоқтатылған.

Жалпы, облыс бойынша қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін 2000-ға жуық полиция және Ұлттық ұланның әскери қызметшілері тартылды. Жаппай тәртіпсіздік кезінде 17 полиция қызметкері жарақат алған. Қазір 2 қызметкер ауруханада ем алып жатыр.

«Қазіргі уақытта, облыс бойынша жағдай бірқалыпты. Барлық тіршілікке қажетті нысан, қоғамдық көліктер штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, ірі өндіріс кәсіпорындары және қаржы мекемелері өз жұмыстарын жандандырды. Деректерге сәйкес, Ақтөбе облысы әкімдігі ғимаратынан басқа стратегиялық нысандар (аэропорт, энергетикалық нысандар) және шағын орта бизнестер зардап шеккен жоқ. Тек облыс әкімдігінде оргтехникаларды алып кеткен. Қазіргі кезде шығын көлемін 300 млн теңге деп болжанып отыр», - деді Руслан Хамбаров.


 

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.