$ 504.34  556.34  5.97
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстан Даму банкі осы уақытқа дейін олигархтардың мүддесі үшін қызмет етті – сарапшы

Мемлекет басшысының экономика секторына қатысты тапсырмаларын сарапшылар қолдап отыр

Қазақстан Даму банкі осы уақытқа дейін олигархтардың мүддесі үшін қызмет етті – сарапшы
Фото ашық дереккөзден

Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын қоғам қызу талқыға салып жатыр. Әсіресе, экономика секторындағы Қазақстан Даму банкін қайта құру, шетелге күмәнді ақша шығару транзакцияларын тексеру сынды тапсырмалар экономика саласы мамандарының көңілінен шығып отыр. Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісіне Экономикалық саясат институтының президенті Қайырбек Арыстанбеков айтып берді.

«Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың сөйлеген сөзі, тезистері тарихымызда бұрын соңды болып көрмеген үндеу деп ойлаймын. Аталған тапсырмалардың ішіндегі өзіме ерекше ұнағаны – олиграхиялық топтардың шетелге ақша шығаруын бақылауға алу және олигархиялық деген терминнің айтылуы. Мұндай тексеріс елде бұрын соңды ешқашан болған емес. Бүгінге дейінгі экономикалық саясат олигархтардың мүддесіне бағытталған еді, нақты тапсырмалары арқылы Мемлекет басшысы соған нүкте қойды. Биылдан бастап мемлекеттің экономикалық саясаты алдымен халық мүддесіне бағытталмақ. Бұған әсер етуші фактордың бірі – Қазақстан Даму банкін қайта құру», - деді институт президенті.

Сарапшы маман бұған дейін олигархтар Қазақстан Даму банкін жеке бас мүдделері үшін оңды-солды пайдаланғанын да жасырмады.

«Күні бүгінге дейін олигархтар аталған банк арқылы өздері несиелік төлемдерінің мерзімін шегеріп, несиелік демалыс алып, банк қаржысын жеке бастарына ыңғайлы етіп пайдаланып жүрді. Енді мұндай заңсыз әрекеттерге тосқауыл қойылады деп сенемін. Қазақстан Даму банкін қайта құрудан бөлек, банктің функциялары, басшылары өзгеруі тиіс. Аталған шешім экономикалық саясаттың сапасына, әсіресе өңдеу өнеркәсібіне оң ықпалын береді деп ойлаймын», - деді ол.

Экономикалық саясат институты президентінің мәліметінше, 2017 жылы қазақстандық олигархтар шетелде миллиардтаған қаржыларды заңсыз ұстап отырған.

«Қателеспесем 2017 жылы отандық олигархтарға тиесілі қаржы компаниялары шетелде заңсыз 18 млрд долларды ұстап отырған. Жаңағы валюталық бақылау сияқты кедендік бюджет, сыртқы экономикалық заңнамалар бойынша экспорт шығарылғаннан кейін, одан түскен ақша елге қайта кіруі керек. Ал олигархтар лобби жасап, қыруар қаржыны шетелде заңсыз ұстап отырған. Осындай заңды белден басудың соңы теңсіздік мәселесіне әкеліп отыр. Былтыр төлем балансындағы есепшот бойынша шетелге 10 млрд доллар, курс бағамымен көбейткенде 4 трлн 300 млрд теңге кетіп қалды. Бұл дегеніңіз халық бюджетінің 25%-ын құрайды. Жоғарыдағы атап өткен мәселелерді жолға қою арқылы еліміздегі экономика саясаты оң өзгерістерге ие болатыны анық», - деп түйіндеді ол сөзін.

Серіктес жаңалықтары