Түркістанда төтенше жағдай кезінде полицияға 900-ден астам адам жеткізілді – ІІМ
329 адам төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес 2022 жылғы 19 қаңтарға дейін еліміздің аумағында төтенше жағдай енгізілуіне байланысты Түркістан облысы Полиция департаментінің жеке құрамы күшейтілген режимде қызмет атқаруда.
Облыста комендант болып Полиция департаментінің бастығы Қайрат Дәлбеков бекітілді. Түркістан облысына кіру және шығу жолдарында бірнеше блок-бекет орнатылды, онда жолаушылардың автокөліктері мен құжаттары мұқият тексерілуде. Түркістан облысының коменданты Қайрат Дәлбеков облыстағы жағдайды толығырақ айтып берді.
«Шеру кезінде жағдайды пайдаланып, Жетісай, Арыс, Сарыағаш аудандарындағы, Кентау және Түркістан қалаларында бүлік шығаруға тырысты. Мәселен облыс орталығында 500-ден астам адам көшеге жиналып, жолдарды, сондай-ақ теміржолдарды жаппақшы болған. Түркістан қаласының түркітілдес мемлекеттердің рухани астанасы және әлемнің түкпірінен зиярат етіп келетіндер көп болғаны ескеріле отырып, полицейлердің алдында нақты міндет тұрды: яғни қоғамдық тәртіпті бұзуға жол бермеу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ал мұны полицейлер мүлтіксіз орындады. Нақты және жедел іс-әрекеттердің арқасында Түркістан облысы ПД қызметкерлері шұғыл қимылдап, жаппай тәртіпсіздік пен заң бұзушылыққа мүлде жол бермеді. Жалпы, төтенше жағдай енгізілген уақытта полиция бөлімдеріне түрлі құқық бұзушылықтармен 900-ден астам адам жеткізілді, оның ішінде 329 адам төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді Дәлбеков.
Бүгінгі таңда Түркістан облысы аумағындағы жағдай тұрақты.
Естеріңізге сала кетейік, облыс аумағында төтенше жағдай 2022 жылдың 19 қаңтарына дейін енгізілген және коменданттық сағат кешкі 23.00-ден таңғы 07.00-ге дейін жұмыс істейді. Сондықтан облыс полицейлері тұрғындар мен қонақтарға қоғамдық тәртіпті сақтауға және аса қажеттілік болмаса көшеге шықпауға кеңес береді.