Қазақстанда ұсталған қырғызстандық музыкант: «Бішкекке депортация жасайды дегендіктен сондай түсініктеме бердім»
Алматы-Бішкек тасжолындағы блокбекетте құқық қорғау қызметкерлерінің тексерісіне тап болған

Жақында елімізде болған жаппай тәртіпсіздікке «қатыстым» деп, алайда артынша қамаудан босатылған қырғызстандық музыкант Викрам Рузахунов еліне оралды. Ол бірқатар БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында құқық қорғау қызметкерлеріне неліктен жалған түсініктеме бергенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Музыканттың айтуынша ол 2 қаңтар күні жеке шаруаларымен Алматыға барған. Алайда қаладағы жағдай ушыққан кезде 7 қаңтар күні Қырғызстанға оралуды жөн көріп, автовокзалдан такси жалдаған. Ал Алматы-Бішкек тасжолындағы блокбекетте құқық қорғау қызметкерлерінің тексерісіне тап болған.
«Самсы ауылындағы блокбекетте әскерилер тоқтатып, олар мені алдын-ала қамау камерасына жеткізді. Камерада менімен бірге отырған азаматтан «ақша ұсынған соң, Алматыдағы митингке келдім десең, сені бірден Бішкекке депортация жасайды» дегенді естідім. Сондықтан да бұл тығырықтан шығудың сондай бір жолы болды», - дейді Викрам Рузахунов.
Еске сала кетейік, қырғызстандық азамат жуырда ғана құқық қорғау қызметкеріне берген түсініктемесінде бейтаныс адамдарың оған митинке қатысуы үшін 90 мың теңге ұсынғанын айтқан болатын.