Бүлікшілердің шабуылына тап болған полицейлер қызметтеріне оралып жатыр
Полицей бүлікшілердің тәртіп сақшыларын аяусыз ұрғанын айтады

Қызылордада террористік шабуылдардан 23 полиция қызметкері зардап шекті. Олардың басым бөлігі бүгінде қызметтеріне қайта оралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар24-ке сілтеме жасап.
Солардың бірі қалалық полиция басқармасы бөлімшесінің командирі Игілік Мешітбаев 5 қаңтар күні қарусыз күйде 10 әріптесімен бірге шабуылдаушылардың соққысына тап болған. Полицей бүлікшілердің тәртіп сақшыларын аяусыз ұрғанын айтады.
Демонстранттардың арасынан әрең құтылып шыққан құқық қорғау қызметкері бүгінде жеке құрам қатарына оралды.
«Дәрігерлер менің басымның төрт жерін тікті. Содан кейін үйіме қайттым. Бірақ қазір әріптестерімнің қаншалықты қиын жағдайға тап болғанын біле тұра үйде тыныш ұйықтай алмаймын. Сол себепті жұмысқа оралдым. Мен Отанға қызмет етуге және азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ант бердім. Мен өз борышымды орындауға тиіспін», - деді қалалық полиция басқармасы бөлімшесінің командирі Игілік Мешітбаев.