«130 әйел мен қарт адам соққыға жығылды»: Алматы полициясы қала тұрғындарына үндеу жасады

Azattyq Rýhy

120-дан астам көлік құралы өртенді

«130 әйел мен қарт адам соққыға жығылды»: Алматы полициясы қала тұрғындарына үндеу жасады
Фото ашық дереккөзден

Алматы қаласы коменданты, Алматы қаласы полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов қала тұрғындарына үндеу жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Құрметті алматылықтар!

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың Жарлығымен Алматыда коменданттық сағат енгізілді.

Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге ішкі істер органдарының қызметкерлері, құқық қорғау органдары, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері, сондай-ақ Қорғаныс министрлігінің бөлімшелері жұмылдырылған, олар заңның, азаматтардың конституциялық құқықтарының қорғауында тұрады және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

«Төтенше жағдай туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес оның қолданылу мерзіміне қатаң сақталуы тиіс шаралар мен уақытша шектеулер қарастырылған.

Төтенше жағдай режимінің талаптарын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапкершілік көзделген.

Азаматтарды осы талаптарды мүлтіксіз орындауға және погромдарға, талан-таражға және экстремизмге қарсы шараларға түсіністікпен қарауға шақырамын.

Өкінішке қарай, 5 қаңтарға қараған түні экстремистік топтар күшейе түсті. Олардың заңсыз әрекеттерінің нәтижесінде 120-дан астам көлік құралы, оның ішінде 33 полиция көлігі, «жедел жәрдем» бригадасы, өрт сөндіру автомашиналары өртенді. Бизнес зардап шекті: 120 дүкен мен сауда нысандары, 180 қоғамдық тамақтану кәсіпорны, 100-ге жуық ШОБ кеңселері бұзылды. 500-ден астам бейбіт тұрғын, оның ішінде 130 әйел мен қарт адам соққыға жығылды.

Бүгін қала экстремистер мен радикалдардың жаңа шабуылдарына ұшырады. Қала тұрғындарының өмірі мен қауіпсіздігін қорғау үшін қажетті шаралар қабылдануда.

Біз көшеге шыққандарды таратуға шақырамыз. Біздің басты мақсатымыз – зорлық-зомбылық пен радикализмнің ушығуының одан әрі өсуіне жол бермеу. 

Мен қала тұрғындары мен қонақтарын үйде болуға, үрейленбеуге және арандатушылыққа берілмеуге, ресми дереккөздерден алынған ақпаратты басшылыққа алуға және мемлекетіміздің заңдарын құрметтеуге шақырамын», - делінген үндеуде.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.