$ 495.28  518.41  5.44
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Алматы облысында ауыл маңынан табылған ілбіс ұлттық паркке жеткізілді

Тұрғындар елдімекен маңындағы жалғыз қалған таутанның адамнан қашпайтынын байқаған

 

Алматы облысында ауыл маңынан табылған ілбіс ұлттық паркке жеткізілді
Фото: «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің баспасөз қызметі

Алматы облысының Кербұлақ ауданындағы Кербұлақ кентінің тұрғындары ауыл маңынан жалғыз қалған ілбіс ұрғашысы – таутанды тауып, үйреншікті мекеніне аман жеткізіп салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ауыл тұрғындары оқиға туралы 3 қаңтар күні хабарлаған. Тұрғындар елдімекен маңындағы далада жалғыз қалған ілбісті (қар барысы) байқайды. Таутанның адам жақындаса да қашпайтынын, тіпті бой тасалауға да тырыспағанын байқап, тұрғындар тиісті мамандарға хабар берген. Сөйтіп «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен «Охотзоопром» РМҚК инспекторлары келгенше жыртқышты таса қылмай күткен.

«Табиғи парк инспекторлары Зоология институтының ғылыми қызметкерлерімен бірлесіп, жыртқышты «Алтынемел» паркінің аумағына жеткізді. Сағат 20.00 шамасында таутанның мойнына спутникке жалғанған мойынбау тағылып, үйреншікті мекеніне жіберілді», - делінген хабарламада.

Айта кету керек, бұл «Алтынемел» аумағында тұратын ілбістерге тағылған үшінші мойынбау. Фототұзақ көмегімен алынған мәліметтер бойынша, саябақта 10-ға жуық ілбіс мекендейді. Ұлттық парк осы сирек кездесетін жануарларды сақтау үшін барлық қажетті шараларды қолға алады.

Ілбіс (қар барысы) ҚР Үкіметінің 2006 жылғы 31 қазандағы N 1034 қаулысы бойынша, сирек кездесетін және құрып кету қаупі төніп тұрған жануарлардың тізбесіне енгізілген.

Серіктес жаңалықтары