Ақтөбелік әжей кәсіби спортта жетістікке жетті
74 жасқа жеткен қария бұрын-соңды мұндай жарысқа қатысып көрмеген екен
Ақтөбелік кейуана Валентина Усманова ардагерлер арасында көпсайыстан Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері атанды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.
74 жасқа жеткен әжей бұрын-соңды мұндай жарысқа қатысып көрмеген. Спорттың денсаулық кепілі екендігін Валентина Усмановадан көруге-ақ болады. 8 құрсақ көтерген ана зейнет жасына жеткенде белсенді өмір сүруге шешім қабылдаған. Себебі дәрігерлер паркинсон дертіне шалдығып, екінші топ мүгедегі атанғанда бассейнге баруға кеңес беріпті.
«Қолымнан келгенше құдайдың құтты күні бассейнге түскенді жақсы көремін. Өйткені менің денем соны талап етеді. Суға түспесем өте ауыр сезінемін өзімді», - деді зейнеткер Валентина Усманова.
Сырқаттың бейнетін азайтамын деп, күнделікті бассейнге келіп жүрген кейуананы жергілікті бапкерлер байқаған. О баста суда малтудың әдісін білмегенімен, артынша жүзудің қыр-сырын үйреніп, тіпті жеке рекордтарын да тізе бастапты. Кәсіби жаттығу жұмыстарына бел шеше кіріскен әжейге бапкерлер Қазақстан чемпионатына қатысуға да ұсыныс жасапты.
«Көпсайыс ішінде жүгіру бар екен. Одан кейін жаңағы ұзындыққа секіру бар екен. Мен айттым енді секіре алмаймын деп. Ал жүгіруден болса, әлім барынша жүгірейін дедім. Мақұл. Солай енді екінші орын тиіп қалды», - деді зейнеткер Валентина Усманова.
Дәрігерлер паркинсон дертіне әзірге дауа жоқ дейді. Алайда мұнымен кейіпкеріміз еш келіспейді. Күнделікті спортпен шұғылданып, дер кезінде ем қабылдаса, дені сау жандардай өмір сүруге болады дейді. Өскелең ұрпаққа айтар кеңесі де сол.
«Мен 73-ке келіп көзілдірік кимеймін. Ал жастайынан киетін жастар бар. Мысалы, немерелерім. Оларға айтарым күнделікті спортпен шұғылдану керек», - дейді зейнеткер Валентина Усманова.
Валентина Усманова облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттығады. Әжейге арнайы ақысыз абонемент берілген. Зейнеткер кәсіби бапкермен кезекті ашық біріншілікке дайындалуда.