Заңсыз пиротехникалық бұйымдарды саудалаушылар қатары азаймай тұр

Автор: Azattyq Rýhy

Қазір барлық өңірлердегі сауда орындары мен базарлар тексерілуде

Фото ашық дереккөзден

Қазір пиротехниканың заңсыз саудасы қызатын кез. Оралда төтенше жағдай қызметі полициямен бірге cауда орындары мен базарларды тексеріп жатыр, деп хабарлайды 24.kz арнасы.

 Оқыс жағдайға жиі себепкер болатын жарылғыш заттар әдетте жаңа жылдық мереке қарсаңында көбейеді.

От шашуды қызықтаймын деп дене жарақатын алатындар да аз емес. Көбіне балалар зардап шегеді.

Заңсыз пиротехникалық бұйымды саудалағандар 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді.

Рейд басталған екі күнде заңсыз пиротехникалық бұйымдар саудасына қатысты 7 факт анықталды. Полиция қызметкерлері осындай сауда нүктелерінің иелеріне бірден әкімшілік хаттама толтырды.

«Былтырдан қалған заттар еді, сатушым байқамай сөреге шығарып қойыпты. Өзім де жаңа байқап жатырмын. Қазір, міне, айыппұл салып жатыр. Енді ешқашан мұндай тауарларды әкелмеймін», - дейді кәсіпкер Людмила Соколова.

Былтыр облыс орталығында заңсыз пиротехникалық өнімдерді саудалаған 15 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты.

Екі кезеңнен тұратын бұл жолғы рейд нәтижесі мереке күндерінен кейін анықталады дейді ұйымдастырушылар.