Әлеуметтік желіде ұлтқа тіл тигізген СҚО тұрғыны 3,5 жылға сотталды
Оған 3,5 жылға бас бостандығынан шектеу түріндегі жаза тағайындалды

Солтүстік Қазақстанда әлеуметтік желіде ұлтқа тіл тигізіп, араздық тудыратын пікрлер жазған жігіт сотталды. 20 жастағы қылмыскер 3,5 жылға бас бостандығынан айрылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
СҚО Полиция департаменті Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерінің назарына Instagram әлеуметтік желі қолданушысының посттары іліккен. Оның материалдарында және пікірлерінде ұлттық, діни алауыздық қоздыру белгілері байқалған. Жазба авторы есепке алынды. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында облыс аудандарының бірінің 20 жастағы тұрғыны анықталды. Ол өзіне қосымша аккаунт ашып, оны өзгелерге тіл тигізу мақсатында пайдаланған. Тергеу амалдары аяқталған соң іс материалдары Петропавл қалалық сотына тапсырылды. Сотталушы кінәлі деп танылды. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру» бойынша 3,5 жылға бас бостандығынан шектеу түріндегі жаза тағайындалды.
«Бұл бірінші жағдай емес. Үстіміздегі жылы Петропавлда қоғамдық орында мас күйінде балағат сөздер айтып, айналадағылардың ұлттық ар-намыстарын, қадір-қасиеттерін қорлаған 24 жастағы облыс тұрғыны 4 жылға бас бостандығынан шектелді. Алауыздық тудырғаны үшін заңнамамен қатаң жауапкершілік: ірі көлемде айыппұл салудан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру, ал салдары ауыр болған жағдайда – 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылатынын естен шығармаған жөн. Әр адам әсіресе әлеуметтік желіде жазар әр сөзін салмақтап алуы тиіс. Өйткені оның соңы сотта аяқталуы мүмкін», - дейді СҚО Полиция департаменті Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция полковнигі Руслан Жарасбаев.