Кәсіпкер Көңілбай Қалдыбекұлы 15 баласы бар екі отбасын Ақмола облысына былтыр көшіріп әкелген
Ақмола облысында кәсіпкер 50 коттедж салып, оның жартысын көпбалалы отбасыларға тегін таратпақ. Әрқайсысының аумағы 190 шаршы метрлік екі үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Сыйға берілетін сәнді үйлердің жаңа иелері әлі анықталған жоқ. Құны 35 миллион теңгелік баспаналар ішкі жиһаздармен де толық жабдықталады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Кәсіпкер Көңілбай Қалдыбекұлы 15 баласы бар екі отбасын Ақмола облысына былтыр көшіріп әкелген.
«Қазір оңтүстік өңірден отбасыларды солтүстікке көшіру жобасын мемлекет жүргізіп жатыр. Солтүстіктен көпбалалы жанұяларды табу қиын. Қызылорданың Жаңақорған ауданынан бір жанұяны көшіріп әкелдік. Қарағанды облысында 8 баласы бар отбасыға үй бердік. Мемлекеттік бағдарламалар сияқты сапасыз салынбайды, яғни берушіден алушыға жетсе болды деп салмаймыз үйді. Жоқ дегенде 10 жыл күрделі жөндеу көрмейтіндей сападағы үйлерді саламыз. Елу үйдің құрылысын бастадық. Әрқайсысы 190 шаршы метр болатын барлығы 50 үй саламыз. Оның 25-ін үлгілі отбасыларға тегін сыйлаймыз», - деді кәсіпкер.
Кәсіпкер Аршалы ауданынан жер алып, салғызған қос үйді екі отбасыға былтыр сыйға тартқан. Күтпеген сыйлыққа қол жеткізген отбасының бірі – Ибадилдиновтар әулеті. 8 баланың әкесі Қарағанды облысының Нұра ауданында тұрған. Облыс орталығында пәтер жалдап тұрған отағасының мамандығы – еңбек пәнінің мұғалімі. Балаларын асырау үшін үш жерде жұмыс істеген. Ұл-қыздарын өнерге баулуды да ұмытпаған. Ата-ананың балаларға жақсы тәбиеле беруі тегін үй алуға қатысқан 400 үміткердің ішінен озып шығуға көмегін тигізіпті.
«Үйіміз жылы, жарық, кең. Расын айтсақ, басында мүлдем сенбеген едік. 2006 жылы үйлендік. Көркем еңбек пәнінен сабақ бердім. Басымызда баспана болған жоқ. Үй алуға мүмкіндік болмады. Тапқанымыз бала-шағамыздан аспады. Жолдасым Риза қайырымдылық жасайды деген жаңалықты естіп, өзі туралы қысқаша баяндаған. Содан комиссия Қарағандыға келіп, біздің отбасымызды толық тексеріп, танысты. Тегін дүниеге қол жеткізеді дегенге расымен сенбедік, өйткені жақсылықтың болатынына миымыз мүлдем сенбейтін жағдайға жеткенбіз ғой. Қазір солтүстік өңірге қоныстанып, мектепке жұмысқа орналастым, арасында қолөнермен де айналысып, табыс табам», - деді Жасұлан Ибадилдинов.
«Өмірімізде мұндай бақ бұйырады деп ойлаған емеспін. «Алтын алқа» иегерімін. Бір ұл, жеті қызым бар. Қайырымды кәсіпкер «Басқаға баспана сыйлау – арманым» деп жазыпты. Оның арманы біздің арманымыз арқылы орындалды. Көп уақытқа дейін сене алмадым, көзімнен жас парлап, тоқтаусыз жылай беріппін. Балаларымда қуаныштан таңданып, мәз болды. Үйді сыйлағанда ұлым үшін емес, бірінің артынан бірі қаздай тізіліп өсіп келе жатқан қыздарым үшін қуандым. Ертең бойжеткенде үйсіз жүргені қатты әсерін тигізеді деп қиналушы едім. Қазір ол уайым, қорқыныш жоқ. Қыздарым қобыз, домбыраны меңгерген, ән айтады. Алаңсыз білім алып жатыр», - деді Риза Темірбекқызы.
Арқаның аязына шыдас беру үшін сәні ғана емес, жылуына да мән беріледі. Қос үйдің шатыры жабылып, жұмысшылар үйдің ішкі жұмыстарын бастап кеткен. Кәсіпкер 10 соттық жері бар үйдің құжаттарын да бітіріп, жаңа қожайынның атына бірден аударып береді. Салынып бітуге жақындаған кең үйлерді тегін алғысы келетіндер саны аз емес. Алайда сыйға берілетін зәулім үй ажыраспаған, балалары білімге құмар, өнерге жақын ата-аналарға беріледі. Үйдің жалпы көлемі 190 шаршы метр. Бірінші қабаты – 120, үсті – 70 шаршы метр.
«Ажырасқан отбасыларға үй бермейміз, біздің бағдарламаға кіруге мүмкіндік жоқ. Өтініш бергендер «Күйеуім оңбаған», «Тастап кетті», «Жұмыс істемейді» деп хабарласады. Біз ондай адамдардың өтініші мүлдем қарастырмаймыз. Неге? Өйткені ол біздің идеологиямызға, ата-бабамыздың байырғы ұстаныма келмейді. Ал бізден тегін үй алғандар түрлі мемлекеттік бағдарламалардан өтпеген. Табысы балаларды оқытып, асыраудан аспаған, банк қоятын талаптан өтпей қалған адамдар. Сонда да өздерінің күнін өздері көріп, пәтерден пәтер жалдап жүрсе де балаларына мықты тәрбие берген. Шетінен өнерлі, мектепте балалары өте жақсы оқиды. Мысалы, тегін үйге ие болған отбасылардың әрқайсысында 7-8 баладан бар. Ертең олар қайырымды, мейірімді, Отанға адал қызмет ететін азаматтар болады. Оны 100 пайыз сеніммен айта аламын. Ал отбасындағы адамның бірі қайғылы жағдайға тап болғанына қарамастан бала-шағасына үлгілі тәрбие берген адамдар да баспана ала алады. Одан бөлек табиғи апаттардан зардап шеккен отбасыларға да көмектесеміз. Бір жанұяның бақытты ғұмыр кешуіне, ол отбасының бағын ашуға атсалыссақ деген мақсатымыз бар», - деді Көңілбай Қалдыбекұлы.
Шетелден тәжірибе ретінде құрастырмалы, жаңа технологиямен жасалған бірнеше үйді де салу да жоспарланған. Әзірге «Шоурум» саналатын құрастырмалы бір үйді Қарғандының суығында сынақтан өткізіп жатыр. Егер 40-50 градус аязға шыдас берсе құрастырылмалы үйлердің санын да көбейтпек. Ол халықты жаппай баспана алу үшін қарызға батырып жатқан қаржы институттарының әрекетіне қарсы. Сонымен қатар аз пайызбен баспана беретін бағдарламалардың да түпкі идеологиясы теріс деп санайды ол. Заңда да, сан түрлі мемлекеттік бағдарламаларда да жанұясын, отбасылық құндылықтарды сақтай алмаған адамдарға мүмкіндік беріп қойған. Мәселен, жанұясында 7-10 баласы бар үлгілі ата-аналардың айлық табысы жеңілдікпен үй беретін бағдарламалардың талабынан шыға алмайды. Есесіне, ажырасқандар мен әкімдіктен шықпайтын даукес жалқаулардың дәурені жүріп тұр деп санайды.
«Өміріміздің ең маңызды деген сегіз сағатын жұмыста өткіземіз. Сол сағаттарды теңгеге шағып, айдың соңында айлық аламыз. Алайда сол айлық өмір сүруге жетпейді. Амалсыз несиеге жүгіреміз. Көп адам баспана үшін несиеге барады. Бәріміз несие алып жатырмыз. Бұл өте ауыр жағдай. Қазақтың жаппай қарызға кіруі – трагедия. Бұның соңы қайғыға әкеледі. Жүрегінде мұң, иығында ауыр жүк тұрады қарызы бар әрбір адамда. Қазақ пен несие, қарыз деген егіз ұғым болып кетті. Үй, көлік десе несие, қарыз алу деген ой түп санамызда қалыптасты. Жұмыс істеп тапқан табысымыз баспана алуға жетпесе, алған үйіңнің құжаты банкте жатса, жалындаған жастық шағы несие төлеумен өтсе, сонда қазақ бұл дүниеге қарыз төлеу үшін келді ме? Біз бұл дүниеге қарызға бату үшін емес, өмір сүру үшін келдік. Өкінішке қарай көптеген мемлекеттік бағдарламалар отбасының ажырасып кетуін талап ететіндей, ажырасса баспана алуға, өзге де жеңілдіктерге жететіндей жобалар жасалған. Өйткені, қазір «Толық емес отбасы», «Жалғызбасты ана» деген сияқты мотивация беретін, ондай отбасыларды көтермелейтін, халықтың алдында аянышты етіп көрсетіп, солардың мәртебесін көтеретін, жас қыздарға, жас жігіттерге жауапкершілік жүктемейтін бағдарламалар бар. Ажыраса салса оларға заңда қамқоршы болып шыға келеді», - деді Көңілбай Шүкенов.
Кәсіпкер қайырымдылық жасау мақсатында арнайы қорды да құрыпты. Мақсаты – халықты баспанамен және жұмыспен қамту. Идеологиясы адамдарды жақсылықтың келетініне сендіру. Қандай қиындық болса да ажыраспай, тағдыр тауқыметін тартса да жанұясын сақтап қана қоймай, жақсы тәрбие берген, балаларын өнерге, білімге баулыған көпбалалы жанұяларды насихаттап, оларға тегін үй беру. Қазақстанда ажырасқандарды емес, керісінше жанұясын сақтап, бабадан қалған құндылықты сақтаған ерлі-зайыптыларға көңіл бөліп, олардың мәртебесін арттыруымыз керек, дейді кәсіпкер. Құрылысы аяқталуға жақын қос үйдің кілтіне иелік ететін көпбалалы жанұяларды іріктеу жуырда ел көлемінде басталмақ.
«Біз бай мемлекетпіз. Ал ондағы халық неге кедей өмір сүреді? Мынандай кең байтақ мемлекетте тұратын халық 60 шаршы метр үй алғанға қуанып жатыр. Ондай үй екі адамға, ары кетсе бір баласымен үш-ақ адамға арналған. Әр отбасында кемінде 190 шаршы метр баспанасы болу керек. Арқаны кеңге салып, балалар асыр салып ойнайтын үйде неге тұрмасқа? Бала күнімде «Менің арманым» деген шығармада жазған екенмін осы елге қайырымдылық жасауды. Сол арман міне жүзеге асып, жұмыстарды істеп жатырмыз. Көпбалалы отбасынан өзіміз де шықтық. Әкем ерте қайтыс болды, шешем ауыр жұмыс істесе де бізді тентіреткен жоқ. Үкіметке міндетсіген жоқ. Мен көпбалалымын деп әкімдіктің есігін тоздырған жоқ. Ал қазіргі қоғамда көпбалалы аналар, жалғызбасты аналар өзінің өмірге ұрпақ әкелуін міндетсініп бара жатқан сияқты. Олардың арасында қолынан келгенше адал жұмысын істеп, қамқорлық, жақсы тәрбие беріп отырған жандар да көп. Бабаларымыздың заманында әр қазақтың үйінде бала саны көп болды. Бірақ олар оны ешкімге міндетсінген жоқ», - деді ол.