Жаңа форматта ашылған мектептер Face ID қауіпсіздік жүйесімен жабдықталған
Жаңа жыл қарсаңында Алматыда 3300 орынды екі мектеп ашылды. Пайдалануға берілген қос мектептің келбеті бұрынғы оқу орындарына ұқсамайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Жаңа үлгіден бөлек, қауіпсіздік жүйесімен қамтылған мектеп ата-аналарға автоматты түрде балаларының мектепке кіріп-шыққанын хабарлап отырады. Наурызбай ауданының Қалқаман-2 шағын ауданда ашылған мектеп 1800 оқушыға арналған. №206 мектеп заманауи жиһаздармен, қажетті оқу құрылғыларымен жабдықталған. Ал Алатау ауданының Томирис шағын ауданында ашылған №205 мектепте 1500 оқушы білім алады.
«Оқу орны жиһазбен және оқу техникасымен толық жабдықталған әрі өзінің алғашқы оқушыларын келесі тоқсаннан бастап қабылдауға дайын. Қазіргі кезде оқушылардың тізімі жасалуда. Жаңа мектептер типтік жобалар бойынша салынбаған. Жобалау кезінде оқу орындарына қойылатын жаңа стандарттар арнайы әзірленіп, қабылданды. Олар заманауи сәулет, ойластырылған кеңістіктік дизайн, кең сыныптар мен қоғамдық кеңістіктері бар эргономикалық интерьермен ерекшеленеді. Жоба авторлары әр орынның ауқымдылығына қолжеткізуді мақсат етті. Бұған бал ұясы тәрізді кабинеттер есебінен қол жеткізілді. Бұл нысан үй-жайлардың барынша табиғи жарықтандырылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Кең дәліздер мектеп ішінде еркін жүруге мүмкіндік береді», -деді Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Мектептер заманауи Face ID қауіпсіздік жүйесімен жабдықталған. Ата-аналар балалардың кіруі мен шығуы туралы хабарламалар алады. Үш жағынан кіретін жеке топтар қауіпсіз санитарлық-эпидемиологиялық режимді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мұнда балалар мен мұғалімдердің жайлылығы үшін барлығы жасалған. Мектептерде спорт залдары, асхана, зертхана және басқа да сыныптар қарастырылған. Аумақтарда стадиондар орналасқан, кеңістіктер барынша көгалдандырылған
«Келесі жылы Қалқаман шағын ауданда 1500 орынды мектептің, Қарғалы шағын ауданындағы «Зерде» жекеменшік мектебінің, Шұғыла шағын ауданында 1200 және 1500 орынды екі мектептің, Құрамыс шағын ауданында 1200 орынды мектепің құрылыстарын аяқтау, ал №15 санаторлық-мектеп интернатты реконструциялау жоспарланған. Алатау ауданында биыл 125 орынды №166 мектептің жаңа корпусы пайдалануға берілді. Саялы, Нұркент, Дархан және Рахат-Мәдениет шағын аудандарында 6300 орынды 4 мектептің құрылысы жүріп жатыр», - деді Білім басқармасы.
Салынып жатқан оқу орындарының құрылысы келесі жылы аяқталады. Сонымен қатар, Саялы-2 шағын ауданында 550 орынды және Зерделі шағын ауданында 600 орынды мектеп құрылыстарының ЖСҚ әзірленіп жатыр. Шапағат шағын ауданында 600 орынды мектеп құрылысы үшін №150 мектепке іргелес жер учаскелерін сатып алу жоспарланған. Алматыда осы жылы қалалық бюджет есебінен 18 оқу орны салынып, 11,5 мың бала жаңа мектепте білім алып жатыр.