СҚО-да ер адам интернет алаяқтарға үш млн теңгесін беріп, алданып қалды

Azattyq Rýhy

Облыста жыл басынан «ақшасын көбейтуге» қатысты интернет-алаяқтықтың 17 фактісі тіркелді

Солтүстік Қазақстан облысында ер адам интернет алаяқтарға үш млн теңгесін беріп, алданып қалды. Бұл туралы Azattyq Rýhy Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Петропавл тұрғыны Instagram әлеуметтік желісінде инвестиция арқылы оңай табыс табуға қатысты ақпаратты көріп, ұсынылған сілтеме бойынша сайтқа тіркелген. Көп кешікпей брокерлік сайттың өкілдеріміз деген тұлғалар WhatsApp мессенджері арқылы байланысқа шығады.

Алаяқтардың нұсқаулары бойынша ер адам 65 мың теңгесін олар айтқан есепшотқа аударады. Біраздан соң сайттағы жеке кабинетіне табысының еселенгені жөнінде ақпарат келеді. Жеңіл ақшаға қызыққан тұрғын екі банктен миллион теңгеден несие, танысынан 850 мың теңге қарыз алып, барлық қаржысын «инвестицияға салады». Осыдан кейін «менеджерлер» байланысқа шықпай қояды. Ер адам сайттағы шоттан қаражатын қайтара алмай отыр. 3 млн теңгеге жуық ақшаға алаяқтарға алданған азамат полицияға жүгінді.

«Облыста жыл басынан «ақшасын көбейтуге» қатысты интернет-алаяқтықтың 17 фактісі тіркелді. Кейде күмәнді инвестициялардан мол табыс табуға жәбірленушілердің таныстары тартады, кей жағдайларда алаяқтар қашықтан арбайды: брокерлік сайттардың мекенжайларына ұқсас көшірме сайттар құрып, адамдарды әлеуметтік желі арқылы тартады. Қулықтың мұндай түрі барлық елдерде кездеседі. Алданғандардың аударған ақшалары киберқылмыскерлердің қалталарына түседі. Интернетте сақ болуға, оңай олжаға сенбеуге, күмәнді сілтемелер бойынша өтпеуге кеңес береміз», – деп хабарлайды СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.