Ұлттық компаниялардағы жастардың үлесі – небәрі екі пайыз

Автор: Azattyq Rýhy

Депутаттар жастарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға және әйелдерге 269 мың жұмыс орнын бөлуді ұсынды

Республика бойынша мүмкіндігі шектеулі жандар, әйелдер және жастарға жұмысқа орналасу бойынша небәрі 32 жұмыс орны бөлінеді. Бұл туралы «Ақ жол» фракциясы депутаттары мәлімдеді деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мемлекет беретін 30 пайыздық квота арқылы 32 жұмыс орны ғана беріледі. Бұл жұмыс орны республика бойынша мүмкіндігі шектеулі жандарға, әйелдерге және жастарға бөлінген. Осыған орай мемлекеттік қызметкерлер саны 88 мың, квазимемлекеттік секторда 89 мың жұмыс орны бар. Белгілі болғандай, мыңдаған қызметкері бар ұлттық компанияларда жастардың үлесі 2-4 пайыз аралығында ғана. Үздік университет түлектері «аға, көкесіз» бір-екі жыл жүріп, сосын сәтті карьера жасау мақсатында шетелге кетеді. Сондықтан мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларға 32 жұмыс орны емес, жастарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға және әйелдерге 269 мың жұмыс орнын бөлуді ұсынамыз. Өйткені, елімізде осы санаттағы 269 мың адам ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген», − делінген депутаттық сауалда.

Осы мәселеге қатысты «Ақ жол» фракциясы депутаттары жұмыссыз жастардың үлесін және жұмысқа мұқтаж мүмкіндігі шектеулі жандар мен әйелдерді министрліктер мен мемлекеттік органдарға, ұлттық компанияларға жұмысқа орналастыруын және квота санын көбейтуді ұсынады. Сонымен қатар, Президент тапсырмасы бойынша әлемнің үздік технологиялық компанияларында жұмыс істейтін жастарды елге қайтару бойынша жұмыс жүргізу керегін айтты.