Қазақстандықтардың зейнетақы жарнасы бір жылда бір трлн теңгеден асты
Бір жыл ішінде жарна сомасы 24 пайызға артты

Қазақстандықтардың зейнетақы жарналарының мөлшері абсолютті рекордқа жетіп, 11 айда алғаш рет 1 триллион теңгеден асты. Бұл туралы Azattyq Rýhy ranking.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
БЖЗҚ мәліметтері бойынша, 1 желтоқсанға қарай қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының мөлшері 13,4 триллион теңгеге жетті. Азаматтардың тұрғын үй сатып алу және денсаулығын жақсарту үшін қаражаттың бір бөлігін алғанына қарамастан, бір жыл ішінде бұл сома 5 пайызға, 648 миллиард теңгеге өсті.
Биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша қазақстандықтардың зейнетақы жарналары өткен жылдардың сәйкес кезеңімен салыстырғанда алғаш рет 1 триллион теңгеден асып, рекорд орнатты. Бір жыл ішінде жарна сомасы 24 пайызға артты, бұл соңғы үш жылдағы ең жоғары көрсеткіш болып саналады.
Сарапшылар зейнетақы жарналарының өсуі барлық бағыт бойынша байқалып отырғанын атап өтті. Мәселен, осы жылдың 11 айында міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) бойынша 1,1 триллион теңге түсті (бір жылдағы өсім 24 пайызды құрады). Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша 50,4 миллиард (бір жылдағы өсім – 18 пайыз) түсті. Сондай-ақ ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) көлемінің бір жылда бірден 38 пайызға, яғни 660 миллион теңгеге дейін айтарлықтай өскені байқалады.
Осы жылдың 1 қаңтары мен 1 желтоқсаны аралығында зейнетақы жарналарынан түсетін инвестициялық табыс 1,3 триллион теңгені құрады, бұл өткен жылдың осы аралықтағы көрсеткішінен 210 миллиард теңгеге артық.