Алматыда балабақшада бүлдіршіндерді ұрған тәрбиеші суицид жасады

Автор: Azattyq Rýhy

Ол «Сәби бала» жекеменшік балабақшасында тәрбиеші болған

Алматыда балабақшада бүлдіршіндерді ұрған тәрбиеші өзіне өзі қол жұмсады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақпаратты Алматы қаласының Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті растады.

«Иә, бізге бұл ақпарат жаңа жетті. Оқиға бүгін болды. Егжей-тегжейін әлі білмейміз», - деп хабарлады департамент.

Бұл ақпаратты қалалық полиция департаменті де растады.

«Алматы қаласының полиция департаменті 1979 жылы туған Б. есімді азамат өз-өзіне қол жұмсағанын растайды. Қазіргі уақытта Жетісу аудандық полиция басқармасы ҚР ҚК 105-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Мән-жайлар анықталуда», - делінген полиция департаменті таратқан ақпаратта.

Айта кетейік, кеше әлеуметті желіде Алматыдағы «Сәби бала» атты жекеменшік балабақшада тәрбиешінің балаларды ұрып-соққан видео тараған болатын. Тәрбиеші аталған мекемеде екі жылдан бері жұмыс істеп келген. Балаларының қорлық көргенін білген ата-аналар полицияға арыз түсірген.

Осы оқиғадан кейін тәрбиеші заң аясында жұмысынан шығарылды.

Белгілі болғандай, балаларды ұрып жүргені туралы видеоны тәрбиеші танысына жіберемін деп абайсызда ата-аналар чатына жіберіп қойған.