Түркістан облысының басқарма қызметкерлері мерекелік кештен қашты
Облыстық басқарма тарапынан видео авторына қатысты сотқа талап арыз түсті
Әлеуметтік желіде Түркістан облысындағы мейрамханалардың бірінде өткен мерекелік кештің видеосы тарады. Бейнежазба авторының айтуынша, онда облыстық білім басқармасының өкілдері жаңа жылдық кешті тойлап жатқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Видеода автор дастархан басына жиналған қонақтарды телефон камерасына түсіре бастаған сәтте меймандардың бірден тарай бастағаны байқалады.
Аталған жайтқа қатысты Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының баспасөз қызметі түсініктеме берді.
«24 желтоқсан күні Түркістан облысы, Кентау қаласындағы «BIG HAUS» мейрамханасында кешкі сағат 20:30-дар шамасында 50-ге жуық басқарма қызметкері мен білім бөлімдері басшылары жиналған. Іс-шара Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының бастауыш кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен, бастауыш кәсіподақ қаржысы есебінен өткізілген. Іс-шараның өткізу кезіңде Түркістан облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысының талаптары толығымен сақталған. Мейрамхана әкімшілігі тарапынан кешке қатысушылардың дене температурасы өлшеніп, «ASHYQ» жүйесі арқылы тескеріліп мейрамхана ішіне кіргізілген және санитарлық талаптарды сақтай отырып, қатысушыларды үстелге отырғызуда әлеуметтік ара қашықтық сақталған», - делінген хабарламада.
Мерекелік кеште басқарма басшысы Рахымбек Жолаев та болған. Алайда баспасөз хатшысының сөзіне сенсек, Жолаев құттықтау сөзін айтып, алғыс хаттарды бергеннен кейін қайтып кеткен.
Сонымен қатар, облыстық басқарма видео авторына қатысты сотқа арыз түсіргенін мәлімдеді.
«Әлеуметтік желілер мен ақпарат сайттарында шығарылған жоғарыда аталған жарияламдарға қатысты Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасы тарапынан сотқа талап арыз түсірілуде», -деп хабарлады Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының баспасөз қызметі.