$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ет бағасы келер жылы да қымбаттауы мүмкін

Ал сарапшылар Үкіметтің экспортты тоқтатуы ішкі экономикамыз үшін тиімсіз деп отыр

Ет бағасы келер жылы да қымбаттауы мүмкін
Фото ашық дереккөзден

Қазақстан келесі жылы экспортқа ірі қара малдың етін шығаруды тоқтатса да, ет бағасы қымбаттауы мүмкін, деп хабарлайды 31 арнаның «Информбюро» жаңалықтар қызметі.

Базар саудагерлері жаңа жылға санаулы күндер қалса да, сұраныс тіпті төмендеп барады деп отыр. Ал кейбір тұрғындар жылқының етін ала алмаймыз, қалтамыз көтеретін тауық етін жеп жүрміз дейді. Бірақ Ет одағы Үкіметтің ет экспортын тоқтатуы экономика үшін тиімсіз деп отыр.

Соғым науқаны басталса да, қара базарда еттің бағасы түспей тұр. Кейбір тұрғындар қыс ауасында етті жіліктеп емес, қазір келілеп аламыз дейді. Ет сатушылар бұрынғыдай жұма күні ас беріп, үйіне кісі шақыратындардың саны күрт азайып кеткенін айтады. Сиыр мен жылқы етінің әр келісінің өзіндік құнына 150 теңгеден артық қоспаймыз деп отыр.

Ет одағы Қазақстанда тура жаңа жылдың алдында баға өспейтінін айтты. Бірақ келесі жылы биылғыдай 9 айда 180 мың бас тірідей бұқа мен мұздатылған 5 мың тонна сиыр етін экспорттамасақ та, жазға қарай еттің құны 30 пайызға өседі деп отыр.

«Оған қысқы дизель отынының 36 пайызға өскені, жемнің құны екі есеге қымбаттағаны, тасымалдау тарифі әсер етеді. Ал қой етіне Араб Әмірлігінен сұраныс биыл екі есе артты. Ол елге 300 мың бас қой, 900 тонна ет жіберілді. Бұл нарықта бағаны көтеріп жіберді. Бірақ, келесі жылы қой етінің бағасы шарықтамайды. Негізі алыпсатарлар өнімнің арзандауына мүдделі емес, қиналатын тек фермерлер», - дейді Ет одағының атқарушы директоры Асқар Жұбатыров.

 Қазір елімізде 20 миллион бас қой, 8 миллион ірі қара мен 3 миллион бас жылқы бар. Жылына 2 миллион бас ірі қара сойылып, оның 10 пайызы эспортталып келеді. Ет одағы еттің келісін өзге елге Қазақстан 4 доллардан сатса, өзімізге импортталатын етті 3,2 доллардан аламыз дейді. Сондықтан, Үкіметтің экспортты тоқтатуы ішкі экономикамыз үшін тиімсіз деп отыр. Өйткені өнімнің құны долларға байланған.

Серіктес жаңалықтары