Болжамдар жасап тұрдым: Бекшин қызметінен кеткен соң немен айналысатынын айтты

Azattyq Rýhy

Болжамы айна қатесіз келетін танымал дәрігер  мемлекеттік қызметпен біржола қоштаспақ

Жандарбек Бекшин зейнетке шығады. Болжамы айна қатесіз келетін танымал дәрігер  мемлекеттік қызметпен біржола қоштаспақ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Денсаулық сақтау саласының үздігі, салада 40 жылдай еңбек еткен кәсіби маман енді жеке жұмыстарымен айналыспақ. Бірақ коронавируспен де соңына дейін күресемін дейді.  

«Заң бойынша бір рет қана бір жылға шартты ұзатуға болады. Былтыр маған бір жылға ұзартты. Екі рет ұзартуға болмайды. Қысқа болса да, ұзақ болса да еңбек демалысына бару керек. Сондықтан мен дүйсенбіден 4 қаңтарға дейін еңбек демалысында боламын. 5 қаңтардан бастап жұмысым аяқталады», - деді Алматы қалалық бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин.

Жандарбек Бекшин сондай-ақ өз құпиясын бөлісті. Яғни, коронавирустың қашан азайып, қашан көбейетінін қалай болжайтынын айтты.

«2009 жылғы тұмау пандемиясының нәтижесін қарап, себептерін түсіндім. Эпидемия, пандемия келетінін, вирустар болатынын білдім. Білімімнің арқасында және жаңа біліммен осындай болжамдар беріп тұрдым ғой. Бұл жұмысты жүйелі түрде жасадық», - деді Жандарбек Бекшин.

Айта кету керек, Жандарбек Бекшин – пандемия басталғалы вируспен белсенді күресіп жүрген бірден-бір маман. Коронавирустың қашан келетінін де өзі айтып еді. Күні кеше Алматыға «омикрон» штамы наурыз айында келетінін жеткізді. Індеттің шарықтау кезі сол кезге сәйкес келеді дейді. 

Сонымен бірге, қаланың бас санитар дәрігері қызметін дүйсенбіден бастап Қарлығаш Әбдіжаппарова уақытша атқаратын болады.
 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.