Ақтөбеде мұнай компаниялары «Көкжиде» құмын ластап жатыр

Azattyq Rýhy

Табиғатқа келтірілген залал 7 миллиард теңге деп есептелді

Ақтөбедегі мұнай компаниялары мемлекет қорғауындағы «Көкжиде» құмын ластап жатыр. Бұл туралы Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, «СНПС Ақтөбемұнайгаз», «КМК Мұнай» және «Ада Ойл» компанияларының мұнай ұңғымалары орналасқан аумақтарда 20 мың тоннадан астам құм бүлінген.

Бұдан бөлек, «Ада Ойл» компаниясы «Көкжиде» жер асты суын рұқсатсыз пайдаланған. Бұл деректер бойынша, үш компанияға жалпы сомасы 200 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Табиғатқа келтірілген залал 7 миллиард теңге деп есептелді.

Қазір бүлінген топырақты залалсыздандыру үшін арнайы полигонға тасу жолдары қаралуда. Прокурорлар «Көкжиде» аумағындағы мұнай ұңғымаларының жұмысын мүлдем тоқтату мәселесін көтеріп отыр.

«Облыс прокуратурасы қабылдаған шаралардың негізінде Энергетика министрлігі «СНПС Ақтөбемұнайгаз», «КМК Мұнай» және «Ада Ойл»ЖШС-не қатысты «Көкжиде» құмдары мен жер асты суларының аймағындағы жұмыстарды тоқтату шараларын бастады. Аталған мәселе облыс прокуратурасының бақылауында», - деді Ақтөбе облысы прокурорының аға көмекшісі Асланбек Сәбитов.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.