Жандарбек Бекшин Алматыда омикрон штамы қашан пайда болатынын айтты

Автор: Azattyq Rýhy

Вакцинацияланғандардың омикронға қарсы иммундық қорғаныс тиімділігі 50%-ға төмен болады

Фото: Ашық дереккөзден

COVID-19-дың омикрон штамы көп ұзамай Алматыға да келуі ықтимал. Нақтырақ айтқанда 2022 жылдың қаңтар айының ортасында дельта нұсқасын біртіндеп жаңа штамм алмастыра бастайды. Мұндай болжамды Алматының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясы барысында айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Өз баяндамасында Жандарбек Бекшин ДДСҰ-ның мәліметтерін келтірді. Мамандардың айтуынша, КВИ-ге қарсы вакцинаны толығымен алған адамдарда омикронға қарсы иммундық қорғаныс тиімділігі 50%-ға төмен болады. Сол себепті қаланың бас дәрігері эпидемияға қарсы қосымша шараларды жүзеге асырып, халықтың ревакцинациясын жеделдету қажеттігін айтты.

Сонымен қатар, Жандарбек Бекшин қалада шетелден келгендерге қатысты алдын алу шаралары күшейтілгенін хабарлады. Оның мәліметінше, 3-20 желтоқсан аралығында Алматыға 50 мыңға жуық жолаушы келген, оның ішінде ПТР анықтамалары бар 29,7 мың, вакцинация паспорты бар – 20 мың, оның ішінде омикрон штаммы тіркелген елдерден – 2300 жолаушы келген екен.

Келген барлық азаматтар бір апталық оқшаулануға және медициналық бақылауға жіберілген. Олардың ішінде КВИ-мен ауыратын 5 науқас анықталды. Жолаушылардың 90%-ы Германия, Египет және Ұлыбританиядан келгендер.