Павлодар облысында әйелін көңілдесімен ұстап алған ер адам соққы алды

Автор: Azattyq Rýhy

Ауыл тұрғынына қатысты әкімшілік хаттама толтырылды

Павлодар облысында әйелін көңілдесімен ұстап алған ер адам жұдырықтың астында қалды. Артынша оған медициналық сараптама жасалып, болған жайтқа қатысты хаттама толтырылды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

19 желтоқсанда Павлодар облысының Баянауыл ауданында ерлі-зайыптылар арасында отбасылық жанжал шықты. Сол күні ер адамның туған күні болған екен. Ол әйелін қуанту үшін іс сапардан ерте оралып, үйіне кіріп келгенде жұбайының жас жігітпен көңіл көтеріп отырғанын көрген.

«Ерлі-зайыптылардың арасында жанжал туындап, оның барысында әйелі тұрмыстық затпен күйеуінің бетіне бірнеше рет соққы жасаған. Одан кейін ер адамның ауруханаға баруына тура келді. Медициналық сараптама  жеңіл дәрежедегі дене жарақатын анықтады. Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін ауыл тұрғынына қатысты 73-1-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Материал Баянауыл аудандық сотына жолданады», -  деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.