$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Kazakhstan Kagazy компаниясының экс-басшысы 122 млн фунт стерлинг өтемақы төлеуге міндеттелді

Компания Арипті сотқа беріп, 300 миллион доллар шығынды өтеуді талап етті

Kazakhstan Kagazy компаниясының экс-басшысы 122 млн фунт стерлинг өтемақы төлеуге міндеттелді
Фото: orda.kz

Англияның жоғарғы соты Kazakhstan Kagazy-ның бұрынғы басшысы Мақсат Арипке компанияға келтірілген шығынды өтеу туралы қаулы шығарды. Бұл туралы Azattyq Rýhy Orda.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Жалпы құны 50 млн фунт стерлингке бағаланатын Лондон мен оның айналасында орналасқан төрт жылжымайтын мүлік, швейцариялық банктегі шотта сақтаулы 72 млн фунт талапкер – Kazakhstan Kagazy меншігіне өтеді.

Kazakhstan Kagazy мүдделерін әлемдегі ең ірі сот процестерін демеушілердің бірі – Harbour Litigation Funding ұсынады.

Енді Harbour аталмыш мүліктерді сата бастайды. Harbour сонымен бірге сот шешімі бойынша қарыздың қалған сомасын төлеу үшін Арипке және оның серіктестеріне қатысты мәжбүрлеп орындауды жалғастырады.

Айта кетейік, Арип Kazakhstan Kagazy компаниясын 2003-2008 жылдар аралығында басқарған. Компания Қазақстан мен Орталық Азиядағы қайталама шикізаттан қағаз бен орамның ірі өндірушісі болды.

Ал 2013 жылы компанияға келген жаңа басшылар бұрынғы басшылықтың қара бухгалтериясын анықтады. Онда Арип 150 миллион доллар көлеміндегі қаражатты компания тобына кірмейтін заңды тұлғалардың шоттарына аударған.

Сол жылы компания Арипті сотқа беріп, 300 миллион доллар шығынды өтеуді талап етті.

2018 жылы британиялық сот Арипті алаяқтық жасады деп айыптады. Лондонның жоғарғы соты Ариптің мүлкін тәркілеу туралы шешім қабылдады: банктердегі шоттар және бағасы 17 миллион фунт болатын Лондондағы үлкен сарай.

2019 жылы Ариптің жеке заттары, оның ішінде 300 мың долларға бағаланған сағаттар коллекциясы тәркіленді.

Арип Ұлыбританиядан біржола кетіп, өз коллекциясын беруден бас тартты. Ол сотты құрметтемегені үшін кінәлі деп танылып, сырттай екі жылға бас бостандығынан айырылды.

Қазір БАӘ-де жасырынып жүр деген болжам бар.

Сот кәсіпкердің жұбайы Шолпан Ариптің әлем бойынша жалпы сомасы 170 млн доллар болатын активтерін тоқтатуға бұйрық берді.

Серіктес жаңалықтары