«Ауылдан» шыққан Бахаргүл Nur Otan-ға мүше болды
Ол биыл «Қазақ қызымын» деген атаумен кітабын шығарған
100 жаңа есім жобасының жеңімпазы, белгілі коллекционер-этнограф Бахаргүл Төлегенқызы Nur Otan партиясына мүше болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Биыл еліміз үшін атаулы жыл – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік алғанына мерейлі 30 жыл толды. Осындай мерекелі жылы отбасымыз қуанышқа кенеліп, тұла бойым тұңғышым Әдеміні ұзатып, құда-жекжатты болдық.
Айтулы мерекемен қатар ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрімізді насихаттап келе жатқан Әдемі-ай компаниясына – 20 жыл толды. Компаниямыздың халыққа ұсынар кәдесыйлары жаңа тартымды топтамалармен толықты. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында осы жаңа топтамалардың тұсауын кесу салтанатын өткіздік. Тараз қаласында компаниямыздың филиалы ашылды», - деді Бахаргүл Төлегенқызы.
Сөзін жалғай отырып, ол «Қазақ қызымын» деген тақырыппен кітабы жарыққа шыққанын айта келе, туынды жалпы оқырманға арналған мотивациялық эссе ретінде жазылғанын қозғап өтті.
«Осындай азды-көпті еңбегім мемлекет тарапынан еленіп, Тәуелсіздік қарсаңында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының «Еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болдым. Бұл марапат мен үшін үлкен мәртебе.
Аталған іс-шараларда және салт-дәстүрімізді кеңінен насихаттауға қолдау көрсетіп келе жатқан Nur Otan партиясына үлкен алғысымды білдіремін. Ал өздеріңіз білетіндей, мен бұған дейін «Ауыл» партиясының мүшесі болдым. Алайда халықты береке мен бірлікке бастаған билеуші партияның әр азаматқа берер мүмкіншілігі мол екеніне, нақты істеріне көз жеткіздім. Сондықтан да Nur Otan партиясына мүше боламын деп шешім қабылдадым», - деді ол.
Ол өз сөзінде алдағы уақытта партямен бірге атқаратын шаруаларға тоқталып өтті.
«Алдағы уақытта Nur Otan партиясымен бірге ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға арналған мәдени іс-шараларда белсенділік танытып, жемісті еңбек атқаратынымызға сенімім мол.
Барлығымыз ел мүддесі мен жарқын болашақ үшін қызмет етіп, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, әлемге қазақты азаттық сүйгіш, рухы биік, намысы берік халық ретінде таныта берейік! Бұл баршамыздың міндетіміз!» – деп сөзін қорытындылады.