Azattyq Rýhy тілшісі «Еркін сөз» байқауында бас жүлдеге ие болды
Конкурс бес жылдан бері ұйымдастырылып келеді
Алматыда «Еркін сөз» байқауының жеңімпаздары анықталды. Қаржы тақырыбында материал жазған үздік журналистер қомақты қаржылай сыйлыққа ие болды. Құрылғанына 7 жыл толған Түркітілдес журналистер қоры халықтың қаржылық сауатын көтеруге арналған тақырыптарда материал дайындаған журналистер арасында байқауды осымен 5 жыл қатарынан өткізді. Марапаттау шарасында коронавирустан қайтыс болған ардагер журналистердің атындағы арнайы сыйлықтар да табысталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Биылғы жылдың ерекшелігі: мәңгілік мекенге ерте аттанған әріптес аға-әпкелеріміздің атындағы арнайы сыйлықтардың тағайындалуы. Қазақ журналистикасының дамуына орасан зор үлес қосқан журналистер туралы арнайы бейнематериал дайындадық. Сондай ақ, 8 журналиске Аманхан Әлім, Қуандық Шамахайұлы, Жолдасбек Дуанабай, Бақытгүл Мәкімбай, Бейсен Құранбек, Амангелді Сейітхан, Айнұр Сыдықова, Сәкен Орынбасарұлы атындағы арнайы сыйлықтар табыстадық. Байқауды Түркітілдес журналистер қоры Halyk Bankтің қолдауымен өткізді», - деді Қордың Президенті Нәзия Жоямергенқызы.
«Еркін сөз-2021» байқауында «Үздік мақала», «Сайттағы үздік мақала», «Үздік телесюжет» номинациялары бойынша 11 жүлдегер болды. Әр аталым бойынша тағайындалатын Бас жүлде – 500 000 теңге.
Конкурс жеңімпаздары:
- «Үздік мақала» номинациясы бойынша бас жүлде иегері – Azattyq Rýhy ақпарат агенттігінің тілшісі Еркежан Айтқазы;
- «Үздік телесюжет» номинациясы бойынша бас жүлде иегері – «Қазақстан» ұлттық телеарнасының тілшісі Амангелді Сейітхан;
- «Сайттағы үздік мақала» номинациясы бойынша бас жүлде иегері – «Ult.kz» сайтының тілшісі Ақбота Мұсабекқызы;
- Аманхан Әлім атындағы арнайы сыйлықтың иегері – «Ақ желкен» журналының тілшісі Балжан Мұратқызы;
- Қуандық Шамахайұлы атындағы арнайы сыйлықтың иегері – «Біздің Қостанай» газетінің тілшісі Сералы Мырзабай;
- Жолдасбек Дуанабай атындағы арнайы сыйлықтың иегері – «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Фархат Әміренов;
- Бақытгүл Мәкімбай атындағы арнайы сыйлықтың иегері – «Қазақ үні» газетінің тілшісі Гүлмира Садықова;
- Айнұр Сыдықова атындағы арнайы сыйлықтың иегері – «Жас Алаш» газетінің тілшісі Қарлығаш Зарыққанқызы;
- Сәкен Орынбасарұлы атындағы арнайы сыйлықтың иегері – kaznews.kz сайтының тілшісі Айбала Нұрлан;
- Бейсен Құранбек атындағы арнайы сыйлықтың иегері – «Алматы» телеарнасының тілшісі Мерей Қанапиянов;
- Амангелді Сейітхан атындағы арнайы сыйлықтың иегері – «Еуразия» арнасының тілшісі Нұрай Құрақпай.
Түркітілдес журналистер қоры – 2014 жылы құрылған. Мақсаты – түркі әлемі мен қазақстандық журналистер арасындағы кәсіби бірлігі мен білігін арттыру, ортақ жобалар жасау. Отандық және шетелдік мамандардың қатысуымен журналистерге арналған семинар-тренингтер, вебинарлар, форумдар, шеберлік сабақтары, конференциялар, байқаулар ұйымдастыру.