Балық шаруашылығын дамытудың 10 жылдық бағдарламасы бекітілді
Биыл жұмыс істеп тұрған балық өсіру шаруашылықтары есебінен 12,8 мың тонна балық өсіру жоспарланған
Құжатта балық өсіруге баса назар аударылды. Оны жүзеге асыру басталды. Инвестиция көлемі 182,4 млрд теңгеге жуық, жылына 129 мың тонна балық өсіру жоспарланған және 5,3 мың жұмыс орнын құрумен 32 жобаны іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің басшысы Серікқали Брекешев биыл жұмыс істеп тұрған балық өсіру шаруашылықтары есебінен 12,8 мың тонна балық өсіру жоспарланғанын, бұл өткен жылға қарағанда 30%-ға артық екендігін мәлімдеді.
«Балық өнімдері экспортының деңгейі өсуде. Республикада балық өсіру шаруашылықтары мен балық өңдеу кәсіпорындарын құру үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған бірқатар заңнамалық бастамалар қабылданды. Бизнес пен балық шаруашылығы субъектілері тарапынан қабылданып жатқан шаралардың арқасында балық өсіру және балық өңдеу жөніндегі жобаларды іске асыруға мүдделілік артуда. Балық өсірудің күтілетін өсімі балық өсіру шаруашылықтары мен балық өңдеу кәсіпорындарын құруға жаңа серпін береді. Заң шығару жұмысына келетін болсақ, биыл 4 Заңға қол қойылды. ҚР Парламентінің қарауында 2 заң жобасы жатыр. Бұл «Жануарларға жауапкершілікпен қарау» және «Өсімдіктер әлемі туралы» заңдар. 5 заңнамалық акті әзірленуде. Атап айтқанда, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске Жер қойнауын геологиялық зерттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеудеміз, онда қатты пайдалы қазбалар кен орындарын игеруді мемлекеттік бақылау жөніндегі функцияларды министрліктің қарамағына беру, жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасын және басқа да заңнамалық бастамаларды қалыптастыру мен бекіту жөніндегі функцияларды, сондай-ақ жаңа Су кодексінің тұжырымдамасы мен аңшылық шаруашылығын дамыту жөніндегі заң жобасы жасалуда», - деп қорытты спикер.