Қазақстанда 15 мыңнан астам шетелдік азамат еңбек етеді

Azattyq Rýhy

Олардың басым бөлігі Қытайдан келгендер

Қазақстанда 15 мыңнан астам шетелдік азамат еңбек етеді
Фото: Ашық дереккөзден

2021 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 15 527 шетелдік азамат жергілікті атқарушы органдардың рұқсаты бойынша Қазақстан аумағында еңбек қызметін жүзеге асыруда. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Шетелдік жұмыс күшін тартуға берілген рұқсаттардың ішінде мынадай санаттар бар: бірінші санат – 643 (басшылар және олардың орынбасарлары), екінші санат – 3 210 (құрылымдық бөлімшелердің басшылары). Тартылған ШЖК-нің негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше 7 748 адам және 735 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға – 1 134 адам, ал корпоративтік ауыстыру шеңберінде – 2 057 адам тартылған.

Қазіргі уақытта Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын 1 261 жұмыс беруші бар. Оларда шамамен 460 мыңнан астам Қазақстан азаматтары жұмыс істейді, бұл жалпы жұмысшылар санының 97%-ын құрайды.

Еңбекші мигранттар Қытайдан (3 784 адам), Ұлыбританиядан (1 996 адам), Түркиядан (1 985 адам), Үндістаннан (1 182 адам) және Өзбекстаннан (1 138 адам) келді.

Естеріңізге сала кетейік, ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын елімізге шетелдік мамандарды тартуға арналған квота белгілейді. 2021 жылы квота мөлшері жұмыс күшіне шаққанда 0,31%-ды немесе 29,3 мың бірлікті құрады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.